01 қаз, 2021 сағат 14:28

Түркістан облысында вакцина құжатын жасады деген күдікпен аурухана қызметкерлері ұсталды


Түркістан облысының полицейлері жалған вакцина құжатын жасады деген күдікпен 2 аурухана қызметкерін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысының Полиция департаментің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазығұрт ауданы полиция бөлімі кезекшісіне белгісіз азаматтан шұғыл хабар келіп түскен. Онда Қазығұрт ауданында 3 бірдей тұрғынның вакцинаның жалған құжатын жасатқандықтары айтылған. 

Хабар жете салып, полиция қызметкерлері жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшыларының тарапынан жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының барысында қызмет мүмкіндігін негізсіз пайдалану арқылы төлқұжаттарды қолдан жасаумен және өткізумен айналысқан деген күдікпен Қазығұрт аудандық ауруханасының 2 қызметкері анықталды. 

Қазіргі таңда аталған жайт ҚК 385-бабы, яғни «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 

Аудан полицейлерінің анықтауы бойынша медицина қызметкерлері 3 тұрғынға жалған құжат жасаған. Қазіргі таңда оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. 

Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтарға заңға қайшы келетін әрекеттер үшін заңмен қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.