Түркістан облысында 3,3 млн тонна ауыл шаруашылығы өнімі жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Бұл туралы өңір әкімі Өмірзақ Шөкеев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл 805,3 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді, ауыл шаруашылығы дақылдары 842,4 мың гектар жерге егілді. Егістікті әртараптандыру жүріп жатыр, яғни суды көп тұтынатын мақта, күріш сияқты дақылдар қысқарып, көкөніс, бақша, картоп өнімдері көбейді. Олардың түсімділігі орташа 20 центнерге өсіп, өткен жылдан 500 мың тоннаға артты. Жалпы өңірде 3,3 млн тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткіш болды», - деді Ө. Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Әкімнің айтуынша, өңірдегі жылыжайлар да кеңейіп жатыр, оның жалпы көлемі 1 440 гектарға жетеді. Бұл республиканың 71 %-ын құрайды.
«Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы аясында 8,9 мың га 2 878 жоба іске асып, 280 мың тонна көкөніс өнімі жиналды. Республикада суармалы жерлердің үштен бірі облысқа тиесілі. Ағын суды тиімді пайдалану мақсатында ылғал үнемдеу технологияларын енгізу жолға қойылды. Бүгінгі таңда облыста 4 мың гектарға жаңбырлатып суару және 25,5 мың гектарға тамшылатып суғару технологиялары енгізілді. Бұдан бөлек, соңғы 2 жылда 172 шақырым 23 каналға жөндеу және 241 шақырым 121 қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 92 мың га суармалы жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды», - дейді Ө. Шөкеев.
«Мал шаруашылығында мал басы мен өнімділік 5%-ға артып, 291,4 млрд теңгеге өнім өндірілді. Ет экспорты бойынша облыс республикада 1-орында тұр. Биыл ауа-райының қуаңшылығына байланысты болған мал азығы тапшылығын жою мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде мал азығын дайындау жоспары 108%-ға орындалып, 4 млн тоннадан астам азық жиналды», - дейді өңір басшысы.