01 ақп, 2024 сағат 14:37

Түркістан облысында полицейлер күшейтілген режимге көшірілді

Фото: Polisia.kz

Түркістан облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты полиция күшейтілген тәртіппен қызмет етіп жатыр, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz медиа-порталына сілтеме жасап.

"Түркістан облысы аумағындағы қолайсыз ауа райына байланысты жол жабылып, полицияның күшейтілген тәртіппен қызмет етіп жатқанына бүгін екінші күн.

Жол апаттарын болдырмау мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері тәулік бойы республикалық, облыстық маңызы бар жолдарға жұмылдырылды. Мәселен, 1 ақпанда Созақ ауданындағы облыстық маңызы бар Шолаққорған – Ащысай – Кентау жолы мен Жамбыл облысымен шекаралас аумақтағы халықаралық Алматы – Ташкент – Термез жолының 534-593 шақырымы қар мен боранның салдарынан көру мүмкіншілігі жоқ болуына сәйкес жабылды" - делінген хабарламада.


Портал мәліметінше, барлық транспорт қозғалысына шектеу қойылып, жолаушылар жылы және қауіпсіз орындарға жеткізіліп жатыр.

"Барша азаматтардан жолға шықпауларын сұраймыз! Ұзақ жолға шығу аса қажет болып жатса, көлікті дайындап, көп мөлшерде жанар-жағармаймен қамдап, қосымша сыртқы жылы киімдер мен азық-түлік алуды ұсынамыз. Сондай-ақ міндетті түрде жол қозғалысы ережелерін сақтап, жылдамдықты асырмауға шақырамыз", – дейді полицейлер.