
Түркістан облысының полицейлері туысының үйіне қыдырып келіп, жоғалып кеткен ер адамды тапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Түркістан облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жетісай аудандық полиция бөліміне Шымкент қаласынан төркіндеп қыдырып келген әйел арызданды. Оның айтуынша, күйеуі кешкі сағат 19:30-дар шамасында сыртқа шығып келетінін айтып, содан із-түзсіз жоғалған. Жоғалған азаматты алдымен жақындары өздер іздеп, таба алмаған соң полицияға хабарласқан. Аталған жайтты жетісайлық полицейлер бірден тіркеуге алып, жоғалған ер адамды іздестіре бастайды.
Іздестіру жұмыстарына жедел-тергеу тобы мен сол аумаққа жауапты учаскелік полиция инспекторы бірден кірісті. Полиция капитаны Сәбит Татаев пен Бекжан Каримов ауылды көше-көшемен аралап тексеріп, сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде түнгі сағат 02:00-лер шамасында ер адам табылды.
Тергеу барысында полицейлер, қайын жұртына қыдырып келген ер адам көзі нашар көретініне байланысты туысының үйін таба алмай, ауылды аралап жүрген. Ол ұялы телефонының қуаты таусылып, жақындарына хабарласа алмаған.
Өз кезегінде арызданушы әйел мен қайын жұрты полицейлерге алғыс айтты.
