23 ақп, 2023 сағат 15:46

Түркістан облысында көшеден ер адамның денесі табылды

Фото: Polisia.kz

Түркістан облысының полицейлері жергілікті тұрғынның өліміне кінәлі адамды анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ІІМ Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, 22 ақпан түнгі уақытта Түркістан қалалық ПБ-ның кезекші бөліміне жедел жәрдем қызметінен көше қиылыстарының бірінде пышақ жарақаты бар ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама түскен.

Жәбірленушінің базарда қасапшы болып жұмыс істеген жергілікті тұрғын екені анықталды. 

Ауыр қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары куәгерлерден жауап алып, барлық полиция бекеттеріне хабарлаған.

"Күдікті сол түні ұсталды. Ол - Түркістан қаласының тұрғыны. Жас жігіт өз кінәсін мойындады. Заттай дәлел ретінде ас үй пышағы алынды. 

Алдын ала мәліметтер бойынша, екі ер адам арасында мал етін кесуге қатысты жанжал туындап, нәтижесінде жәбірленуші пышақталып, күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. 

ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі бойынша ("Кісі өлтіру") сотқа дейінгі тергеу амалдары және оқиғаның толық мән-жайын анықтау мақсатында қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр" - делінген хабарламада.