27 шіл, 2020 сағат 16:20

Түркістан облысында карантин кезінде той өткізушілер көбейген

Түркістан облысында коронавирусты инфекцияның алдын алу мақсатында демалыс күндері мониторингілеу жұмыстары жүргізілді. 

Мобильді топтармен жүргізілген күндізгі және түнгі рейд жұмыстарының нәтижесінде 1328 нысан тексеріліп, карантин талаптарын бұзған 206 нысан анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, заңбұзушылыққа жол берген 158 жеке тұлғаға 30 АЕК көлемінде айыппұл салынған. 25 жеке кәсіпкерге хаттама толтырылып, оларға да 230 АЕК көлемінде айыппұл төлеу міндеттелген. 

Рейд барысында сондай-ақ, тыйым салынған отбасылық мерекелік іс-шаралар анықталып, тоқтатылған. Мәселен, Қазығұрт ауданына қарасты Тұрбат елді мекеннің жергілікті тұрғыны 32 қонақты шақырып «қыз ұзату» тойының өткізген. Төлеби ауданында да Зағамбар елдімекенің тұрғыны 50-ден аса азаматты жинап, «қыз ұзату» тойын жасаған. Арыс ауданында 35-40 адамның басын қосып, 3-беташар мен 1-қыз ұзату рәсімдері өткізілгені анықталған. Ал, Келес ауданының Жолбасшы елдімекенінің тұрғыны 30 қонаққа беташар өткізіп жатқан. Оларды да мобильдік топ анықтап, барлық отбасылық іс-шаралар тоқтатылған. Той иелеріне әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 30 АЕК көлемінде айппұл салынған. Сонымен қатар Төлеби ауданында 4 демалыс орындары жұмыс істеп жатқаны белгілі болды. Барлығының жұмысы тоқтатылған. Ондағы кәсіпкерлерге де 230 АЕК көлемінде айыппұл салынған.