19 нау, 2024 сағат 18:47

Түркістан облысында ер адам бұрынғы әйелін пышақтап, артынша кепілге алған


Түркістан облысында ер адам әйеліне пышақпен шабуыл жасап, артынша өзін жарақаттаған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Түркістан Облысының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Сайрам ауданында ерлі-зайыптылар арасында жанжал болып, ер адам әйелін пышақтаған. Сосын ол жарақат алған әйелін көлікке салып, бірге Шымкентке қарай бет алған.

Ер адамды ұстауды "Арлан" арнайы жасағы қолға алды. Ер адам "Асар" шағын ауданында ұсталды. Ол өзіне бірнеше рет пышақ сұққан. Оқиға орнына екі жедел жәрдем көлігі келіп, жараланған ерлі-зайыптыларды алып кетті.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 35 жастағы ер адамнан мидың шайқалуы, іш қуысының ашық пышақ жарақаты, жабық бассүйек ішілік жарақаты анықталды.

Әйелдің жағдайы әзірге белгісіз. Түркістан облысы полиция департаменті, жағдайға қатысты түсініктеме берді. 

"Әйел күйеуімен 2021 жылы ажырасып кеткен. Ер адам әйелмен жанжалдасып, оқиға кезінде пышақпен қорқытып, кепілге алып, Шевролет автокөлігімен Батыс Қытай- Батыс Еуропа трассасына өзінің тұрғылықты жері Қызылорда облысына қарай бағыт алған. Әйелдің жақындарын өлтіремін деп қорқытып алып кеткен", – делінген хабарламада. 


Күдіктінің талабы оны қудаламау мен жауапқа тартпау болған. Қылмыс кезінде жәбірленуші мойын тұсынан жеңіл дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген. 

"Ауруханада оған медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Белгілі болғандай күдікті жәбірленушімен бұрын некеде болған, 3 баласы бар, 2021 жылдан бастап олар ажырасқан. Күдікті бұрын екі рет сотталған. Лудоманиямен ауырады. Күдікті қамауға алынды", – делінген хабарламада.