Фото: Dvhab.ru
Түркістан облысының Cіргелі ауылында былтыр екі рет көрші балаларды дәретхана шұңқырына тастап жіберген жасөспірім қызға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қабылданды, деп хабарлайды Ult.kz.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, Түркістан облысының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 2008 жылы туған жасөспірім С.-ге қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі (бала өлтіру) және 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 3-бөлігі (бала өлтіруге оқталу) бойынша қылмыстық іс қаралды.
Сот отырысында бірнеше эпизод анықталды. 2024 жылдың 16 мамырында С. Сарыағаш ауданы Сіргелі ауылындағы өз үйінің ауласындағы әжетхана шұңқырына 2021 жылы туған көрші қыз баланы қасақана тастап, оны өлтірген. Екінші эпизод 2024 жылдың 13 шілдесінде орын алған. Бұл жолы С. басқа көрші үйде тұратын 2019 жылы туған қыз баланы дәретхана шұңқырына қасақана тастап өлтірмекші болған, алайда қылмысын өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша аяғына дейін жеткізе алмаған.
Соттың кешенді сот-психиатриялық-психологиялық сараптамасының қорытындысына сай, С. "Шизофрения симптомдары қабаттасқан жіті полиморфты психоздық бұзылу" түріндегі созылмалы психикалық аурумен ауыратыны анықталды. Оқиға болған кезде С. психикалық ауру жағдайында болған, бұл оның іс-әрекеттерін дұрыс қабылдауға кедергі келтірген.
Сот Қылмыстық кодекстің 16-бабын ескере отырып, яғни, психологиялық ауру кезінде қоғамға қауіпті әрекет жасаған адам қылмыстық жауаптылыққа тартылмайтынын негізге алды. Қаулы бойынша С. қоғамға қауіпті іс-әрекетті ақыл-есі дұрыс емес күйде жасаған адам ретінде танылып, қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Оған интенсивті байқайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда медициналық сипаттағы мәжбүрлеп емдеу шаралары тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енді.
Еске сала кетейік, 2024 жылы 16 мамырда Сарыағаш ауданы Сіргелі ауылында үш жасар қыздың жоғалып кеткені туралы хабарланып, оның денесі үш күннен кейін әжетханадан табылған болатын. Кейін дәл сол ауылда тағы бір бес жасар қыз дәретхана шұңқырынан құтқарылып, тергеу іс-шаралары барысында кәмелетке толмаған күдіктінің қатысы анықталған еді.
---