20 ақп, 2026 сағат 12:02

Түркістан облысында 583 млн теңге жымқырған білім бөлімінің 14 қызметкері сотталды

Фото: ашық дереккөз

Қаржылық мониторинг агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу нәтижесінде Байдібек аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу мәліметінше, басшылар, бухгалтерлер және экономистерді қоса алғанда 18 адам жалақы мен өзге де төлемдерге арналған бюджеттік өтінімдерді негізсіз ұлғайту арқылы ауданның 49 жалпы білім беретін мектебінің қаржысын иемдену схемасын ұйымдастырған.

Бухгалтерия қызметкерлері электрондық жүйелерге әдейі жалған мәліметтер енгізіп отырған. Төлем құжаттарына іс жүзінде жұмыс істемеген адамдар тіркелген немесе қызметкерлердің жалақысы мен үстемеақылары негізсіз көбейтілген.

Заңсыз әрекеттерді жасыру үшін қызметтік жазбалар, бұйрықтар, есеп ведомостары және жұмыс уақыты табельдері секілді жалған құжаттар пайдаланылған. Кейбір құжаттар төлем жасалғаннан кейін кері күнмен рәсімделіп, есептілік сәйкестендірілген.

Қаражат жалған тұлғалардың, оның ішінде туыстары мен таныстарының банктік шоттарына аударылып, кейін алдын ала келісілген үлес бойынша қатысушылар арасында бөлінген.

Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал көлемі 583 млн теңгеден асқан. Тергеу барысында күдіктілер шығынды толық өтеген.

Сот үкімімен 14 адам 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Тағы 4 адамға қатысты іс рақымшылыққа байланысты тоқтатылды.

Үкім заңды күшіне енді.