Түркістан облысындағы алапат дауыл бүгін де басылмай тұр. Соның салдарынан 51 елдімекенде тұратын 26 мыңдай тұтынушы жарықсыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, қатты дауылдан адамдар жарақат алмаған. Табиғаттың тосын мінезінен Арыс қаласы мен Сайрам, Отырар, Бәйдібек, Ордабасы аудандарында үйлердің шатыры ұшып, жарық сөніп қалған. Бүгінде жарыққа жауапты мекеменің 25 бригадасы жұмысқа кірісті. 80-нен астам жұмысшы мен 22 бірлік техника тартылған. Олар үзілген желілерді жалғап, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қатты дауыл әлі де жалғасады деген болжам бар.
«Енді «Қазгидромедтің» беріп отырған мәліметіне сәйкес, дауылды жел бүгін де сақталады. Кей жерлерде дауылды жел тұруы мүмкін. Осыған байланысты бүкіл облыс, аудан-қалаларда әкімдік тарапынан шұғыл штабтар құрылып, барлық қызметкер күшейтілген қызмет түріне көшірілді», - дейді Түркістан облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбасов.