13 нау, 2026 сағат 11:50

Түркістан облысында 20 млн теңгеден астам субсидия жымқырған кооператив төрайымы сотталды

Фото: ашық дереккөз

Түркістан облысында агроөнеркәсіп саласындағы субсидияны заңсыз алған кооператив төрайымы сот үкімімен кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Ult.kz прокуратура мәліметіне сілтеме жасап.

Арыс ауданының прокуратурасы жүргізген тексеріс барысында бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі анықталған. Тергеу деректеріне сәйкес, «Ы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы 2021 жылдың сәуір айында ақпараттық жүйеге жалған мәлімет енгізуді ұйымдастырған.

Атап айтқанда, кооператив атынан 2470 бас аналық ірі қара малды және селекциялық жұмыстар жүргізу үшін 120 бас асыл тұқымды бұқаны жалға алғаны туралы жалған ақпарат көрсетілген. Осы деректер негізінде мемлекеттен кооперативтің банктік шотына 24,7 млн теңге көлемінде субсидия аударылған.

Алайда тексеріс барысында шын мәнінде селекциялық жұмыстар небәрі 18 бас асыл тұқымды бұқа мен 450 бас аналық ірі қараға ғана жүргізілгені анықталған. Нәтижесінде заңсыз алынған субсидия көлемі 20,2 млн теңгені құраған.

Аталған факті бойынша прокуратура Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2) тармағы (аса ірі мөлшерде алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.

Соттың 2026 жылғы 20 ақпандағы үкімімен кооператив төрайымы кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған 5 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.

Прокуратураның мәліметінше, заңсыз алынған қаражат толық көлемде өндіріліп, мемлекет кірісіне қайтарылған.