22 шіл, 2020 сағат 10:44

Түркістан облысына 5 млн жуық дәрілік зат жеткізілді

Түркістан облысына 5 млн-ға жуық дәрілік препарат келді. Бұл препараттар өз кезегінде халқы тығыз қоныстанған өңірдегі дәрі-дәрмек тапшылығының оң шешілуіне ықпал етпек, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Пандемиямен күрес үшін облыс бюджетінен қаражат бөлініп, Өзбекстан елінен жеткен кезекті партияның ішінде халыққа ең қажет түрлері бар. Атап айтқанда, амброксол, левофлаксацин, аминофиллин, азитромицин, цефтриаксон, парацетамол, метранидазол, дексаметазон, эуфиллин секілді пневмония және коронавирусқа қарсы препараттар кездеседі. 

Осынау қажетті дәрі-дәрмектің жартысы өңірдегі аудан-қала ауруханаларына таратылса, жартысы әкімдіктермен меморандумға отырған 153 дәріханаға шекті бағамен жөнелтіледі.

Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімдігі халықты қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет есебінен 500 млн теңге қаражат бөлгені белгілі. Осы қаражаттың арқасында өңірге көршілес Өзбекстаннан 100 млн теңгеге 142 мың қорап дәрі тасымалданған болатын. 

Оның арасында 1 млн 420 мың құты - «Аскорбин қышқылының инъекцияға арналған ерітіндісі», 100 мың дана - «Дексаметазон инъекцияға арналған ампула» және 30 мың құты «Аспирин» бар еді. 

Сала басшылары пандемия кезінде көршілес мемлекеттен жеткізілген препараттарды облыстағы медициналық ұйымдар мен дәріханаларға таратылатынын айтқан. Дәрі-дәрмек шамамен 2 айға дейін облыстағы науқастарға жетеді деп түсіндірген.