Фото: okg.kz
Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау тұсында жұмыссыз қалған ауыл тұрғындары жаппай қалаға көшкені белгілі. Көшкен ел шаңырағын бұзып, құрылысқа жарайтынын алып кеткен соң көше бойындағы моншақтай тізілген үйлердің қатары сирей бастады. Бәріміз де ауылда өстік, бұл көрініс күні бүгінге дейін көз алдымызда. Қазір облыста мұндай көріксіз ауылдардың саны азайып келеді. Себебі, қаладан ауылға көшіп барып, кәсіп ашып жатқандар аз емес. Түлкібас ауданындағы Арыс ауылдық округі – күннен-күнге дамып келе жатқан, өңірге үлгілі ауыл ретінде танылған округтердің бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайлануына байланысты өткен ұлықтау рәсімінде: «Қазір аянбай еңбек ететін кез. Сол себепті арқаны кеңге салмай, бірден іске кірісуіміз керек, босаңсуға болмайды. Осыған орай ең алдымен қолға алатын бірнеше мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Бүгінде Қазақстан халқының 30 пайызы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын. Сол үшін бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын» деген еді. Президент осыдан кейін Үкіметке ауылды дамытудың бес жылға арнаған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Үлгілі ауыл
Президенттің осы тапсырмасынан кейін ауылды жақсартуға, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға ерекше мән беріле бастады. Бұл орайда «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Таза Қазақстан» бағдарламалары сәтті жүзеге асырылып жатыр. Округ әкімі Олжас Сатыбалдиевтің айтуынша, округ құрамына Керейт, Мақталы және Қайыршақты елді мекендері кіреді. Ауылда орта мектеп, балабақша, дәрігерлік емхана, спорт кешені және Мәдениет үйі бар. Керейт және Мақталы елді мекендері «көгілдір отынмен», жарықпен, ауыз сумен толық қамтылған. Мұнда 125 шаруа қожалығы, 23 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 1 өндірістік кооператив бар. Ауласына бау-бақша егіп, кішігірім кәсіпкерлікпен айналысатындар да аз емес.
– Ауыл округінде жалпы 3350 тұрғын тұрады. Ауылымызда халыққа барлық жағдай жасалған. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Керейт ауылындағы Әсілбеков, Мырзатай, Еркінбек, Тұрманұлы көшелеріне және Мақталы елді мекеніндегі Байбосынұлы, Мұратбаев, Тәуелсіздік көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудандық бюджет есебінен Керейт ауылындағы ауыз су жүйесі жөнделіп, су жинауға қажетті қосымша резервуар орнатылды. Мақталы ауылында республикалық бюджет есебінен фельдшерлік амбулаторияның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жергілікті бюджеттің қаржысына мал тоғыту алаңын ағымдағы жөндеуден өткіздік. Арыс өзенінің жағасында орналасқан тұрғындарды су шайып кетпес үшін өзен арнасын биіктеттік. Керейт ауылында демеушілер есебінен жабық спорт кешенін пайдалануға бердік. Осының барлығы ауыл тұрғындарының игілігі үшін жасалып жатқан шаруалар. Қазір ауылда мал және егінмен айналысатын шаруашылықтар көбейіп келеді. Олардың бағымында 2183 ірі қара, 1329 жылқы, 3555 ұсақ мал бар. Биыл жауын-шашын мол түсті ғой, шаруалар жем-шөптен тарықпайды деп отырмыз, – дейді Олжас Пернеханұлы.
Осы ретте Арыс ауылдық округінің облыста екі мәрте «Үлгілі ауыл» номинациясын жеңіп алғанын айта кеткен жөн.
Кәсіпорны көп ауыл
Керейт ауылында орналасқан «Арсен-Ас» ЖШС-і 2016 жылдан бері алма шырынын өндірумен айналысады. Серіктестікке ат басын бұрғанымызда қызу еңбектің үстінен түстік. Дәл осы мезгілде шырын өндіру ісі қарқын алады екен. Қамба іші тау-тау болып үйілген алма өнімдеріне толы. Екі-үш жұмысшы алманы іріктеп, оларды өңдеуге жөнелтіп жатыр. Біз серіктестіктің инженер-технологы Бақыт Телібаевты әңгімеге тарттық.
– Менің осы салада жүргеніме 22 жылдан асыпты. Бізге алма өнімдері жан-жақтан әкелінеді. Көрші Жамбыл облысынан да келеді. Біз оны өңдеп, содан шырын шығарамыз. Дайын өнімдерді арысы Ресей, берісі Қазақстанның әр өңіріне өткіземіз. Алғашқы кезде шырынды өзіміз қаптамаға орап шығардық. Бірақ, бұл бізге тиімсіздеу болды. Одан гөрі өнімді шырын күйінде шығару пайдалырақ екен. Соңғы кездері осыған ден қойып жатырмыз. Қазір мұнда ауылдың он шақты адамы жұмыс істейді. Маусымдық жұмыс кезінде олардың саны көбейе түседі, – дейді кәсіпорын өкілі.
Әдетте, бекіре, қара уылдырық десе, жұрттың есіне бірден Атырау түсетіні анық. Міне, осы бекіреңіз Керейт ауылында да өсіп жатыр. Құны алтынмен тең қара және қызыл уылдырық сияқты жеңсік асыңыз да осында өндіріледі. Осыдан он екі жыл бұрын ашылған «First Fish Company» ЖШС-і – бекіре, форель және карп балықтарын өсірумен айналысады. Арнайы жасалған бассейндерде білектей бекірелер ерсілі-қарсылы жүзіп жүр.
«Қолдан балық өсіру оңай шаруа емес, – дейді балық өсіру маманы Айнұр Сәуірбаева. – Оның үстіне бекіре балығының жөні бір бөлек. Арнайы тоғанда өсірген соң оларға ерекше күтім қажет. Бұл жерде бір ескеретін жағдай, тоғандағы ауа температурасы сыртқы табиғи температурамен сәйкес келуі қажет. Әйтпесе, уылдырық жарамсыз болып қалады. Тоғандағы судың өзі бірнеше сүзгіден өтеді. Шабақтары іште, ал, ірілері сырттағы тоғандарда өсіріледі. Қазір дайын өнімдерді ішкі нарыққа жөнелтіп жатырмыз. Өйткені, бекіре өніміне тұтынушылар тарапынан сұраныс көп».
Серіктестік ұжымы балыққа қажетті азықты Польшадан алдырып отыр. Себебі, бассейнде өсірілетін балық үшін сапалы жем қажет. Рас, балық жемі өзімізден де, көрші Ресейден де табылады. Алайда, сапасы Польшадан әкелінетін жемге қарағанда төмендеу екен.
Ауылдың әлеуметтік-экономикалық ахуалына дем беріп отырған кәсіпорындарға арнайы тоқталуымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені, олар кәсіпкерлікті дамытуымен қатар, ауыл тұрғындарына жұмыс ұсынып отыр.
Ынта бар, қаржы жоқ
Жоғарыда айтқанымыздай, округте 125 шаруа қожалығы болса, соның едәуір бөлігі Керейт пен Мақталы ауылдарында орналасқан. Бәрі жұмыс істеп тұр. Әр үй кемінде 5-10 ірі қара, 20-30 қой ұстайды. Кейбірінде ірі қара 30-40, қой 50-100-ге дейін жетеді. Жалпы, бұл ауылда мал ұстамайтын үй жоқ десе де болады. Әрине, бұларға мыңдап мал өсіретін шаруа қожалықтары қосылмайды, олардың тірлігі бөлек. Олар да үлкен шаруа қожалықтары секілді мал басын көбейткісі келеді. Ал, малы жоқтар мемлекеттен несие алып, кәсіп ашуды қалайды. Биыл Жаскешу, Ақбиік және Кемербастау ауылдарымен қатар Арыс ауылдық округі де «Ауыл аманаты» жобасына енген болатын. Кәсіп ашқысы келетін 40-тан аса ауыл тұрғыны жобаларын ұсынып та қойған. Бірақ, ауыл әкімінің айтуынша, әлі күнге дейін бірде-бір жоба қаржыландырылмапты. Себебі, бюджеттен ақша бөлінбеген. Бірақ, солай екен деп арыстықтар қол қусырып қарап отырған жоқ. Әр үй сиыр сауып, сүтін ірімшік, құрт, май, айранға айналдырып, оны ауыл, аудан орталығындағы базарға шығарып отырады екен. Бұған қарап ауылдың табысы тек малда екен деуге болмайды. Ауылда вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер де бар. Орта мектептен 93 мұғалім, балабақшадан, ауыл клубынан, дәрігерлік пункттен біраз адам жалақы алады. Сауда-саттықпен айналысатындар да жеткілікті.
Расында да, Керейт ауылының тұрған жері ұядай жайлы жер екен. Ауылдың жанынан Шәмші Қалдаяқов әнге қосқан Арыс өзені арқырап ағып жатыр. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» дегендей, керейттіктер осы тұрағын ешбір жерге теңгермейтін сияқты. «Елде болса ерініңе тиеді» деген осы шығар. Әсіресе, ауылдың бай болғанына не жетсін?!
Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».