30 қаз, 2024 сағат 22:02

Түркістан: Қазығұртта құрылыс қарқынды

 

Фото: okg.kz


Қазығұрт ауданының әкімшілік орталығы – Қазығұрт ауылында іссапарда болғанымызда, Қонаев көшесінің бойында құрылысы жүріп жатқан екі қабатты бес тұрғын үйге де ат басын бұрғанбыз. «Болашақ» атауы берілген бұл шағынауданда қазір  балалардың өнер орталығы, керемет спорт кешені, көпқабатты тұрғын үйлер, коммерциялық нысандар пайда болған.

 

 – Қазығұрт ауданының құрылыс бөлімінің өтінімі бойынша Түркістан облысының мемлекеттік сатып алу департаменті жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бойынша тендер өткізгенде жеңімпаз шымкенттік «Урба-стандарт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды. Оны кәсіпкер Қасымжан Бөлекбаев басқарады. Инвестор құрылысты өз қаржысына салып, біткен соң мемлекетке сатады. Сатып алуға облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп қойылған. Жалпы, 40 пәтерден тұратын 5 баспана тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде кезекте тұрғандарға берілмек. Біздің міндет – құрылысы біткен үйді қабылдап алып, тиісті бөлімге өткізу. Әрі қарай комиссия қорытындысымен тұрғындарға пайдалануға беріледі, – деп түсіндірді бізге Қазығұрт аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ермек Момбеков.       

    

Оның айтуынша, халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында тұрғын үйлер көптеп салынып жатыр. Мәселен, 2018 жылы Қазығұртта екі қабатты төрт тұрғын үй тапсырылса, 2022 жылы тағы екі қабатты үй өз иелерін тапқан. Бірақ, тұрғын үйдің кезегі азайған жоқ. Керісінше, өсіп жатыр. Қазіргі уақытта 1486 адам баспана кезегінде тұр. Еліміздегі «Нұрлы жер» бағдарламасы осындай әлеуметтік мәселені шешуге бағытталған. Алайда, сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй жұрттың барлығына бірдей арналмаған. Оған көп балалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасылар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оралмандар, мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың (білім беру және денсаулық сақтау) қызметкерлері, 1 және 2-топтағы мүгедектер қатыса алады.


Аталған құрылысқа бүгінде ауыз су жүйесі толық тартылды. Жылу мен электр жарығы жүргізілді. Енді газ желісі тартылады. Қазір әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Аудан орталығында орталықтандырылған кәріз жүйесі жоқ. Сондықтан оны осы шағынауданда септик алмастырады, ол, әрине, барлық санитарлық нормаларға сәйкес болуы тиіс. Құрылыс қараша айында аяқталады деп жоспарланып отыр. 


Қабырғасы күйдірілген кірпіштен қаланған екі қабатты бес тұрғын үйдің әрқайсысында 8 пәтерден бар. Оның ішінде бір бөлмеден – екі, екі бөлмеден – төрт, үш бөлмеден екі пәтер бар. Бір бөлменің жалпы ауданы – 36 шаршы метр, екі бөлмелі – 52 және 59 шаршы метр, үш бөлмелі 74 шаршы метрді құрайды. 


Құрылыс биыл маусым айында басталыпты. Негізгі берілген нормаға байланысты алты айда бітпек. Кәсіпкердің сенімді өкілі, бас инженер Нұрхан Тұрымбетовтің айтуынша, қазіргі таңда құрылыс басында 38 адам еңбек етуде. Бүгінде олар ішкі әрлеу және қаптау жұмыстарын жүргізуде. Үйден тыс электр, су құбыры, газ желілері орнатылды. Пәтерлерде жылыту дербес болады. Трансформатор орнатылып қойған, электр қуаты барлық бес үйге қосылған. Орталық газ құбыры құрылыс алаңынан небәрі 400 метр, ал, су құбыры 100 метр қашықтықта өтеді. Үй маңындағы аумақты абаттандыру жұмыстары да жоспарланған. Салынған тұрғын үйді пайдалануға беруге дейінгі барлық қаржылық шығындарды жауапкершілігі шектеулі серіктестік өзіне алып отыр.


Н.Тұрымбетов құрылысқа негізінен отандық өнімдер пайдаланылып жатқанын айтады. Бұл да болса өз кәсіпкерлерімізге үлкен көмек екендігі даусыз. Ал, біз баспанаға зәру тұрғындардың көп ұзамай көл-көсір қуанышқа кенелетінін, қоныстойлар көбейетінін ойлап, көңіліміз бір марқайып қалды. 


Ермек Елшібекұлы тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде  жыл сайын қаржы бөлінетінін айтты. «Осыған орай кезекте тұрған адамдардың көптігіне байланысты келесі жылдары бұл шараны ұлғайтсақ деп отырмыз.  Алдағы уақытта «Шығыс» деп аталатын жаңа шағынауданның құрылысы қолға алынады. Қазірдің өзінде мұнда сумен, газбен жабдықтау, электр желілерін салу жұмыстары жүргізілуде. Оларды аяқтаған соң, биыл қараша айының соңында мұнда жеке тұрғын үй салу үшін кезек бойынша 385 адамға 9 сотықтан жер телімі берілмек» дейді ол.


Жеке тұрғын үй, мәдени, әлеуметтік, білім беру нысандары салынған соң  Қазығұртта тағы бір жайлы шағынаудан пайда болатынына жұрт сенімді.

 

Баян ДАРҒОЖИНА,

«Оңтүстік Қазақстан».