29 қыр, 2024 сағат 23:25

Түркістан: Елдің алғысына бөленген еңбек адамы

Фото: aimak.com.kz


Елімізде карантин орын алғаннан бері дезинфекциялау қызметіне сұраныс артқаны белгілі. Әсіресе қауіпсіздік шараларын жүргізуде аталған қызмет түркістандық тұрғындардың сұранысына ие болып келеді. Бекарыс Ибрагимов – осы кәсіптен нәсіп тапқан азамат. Тұрғын үйлерге, жұмыс орындарына шыбын-шіркей, жәндіктер мен егеуқұйрықтарға қарсы жұмыстарды жүргізу үшін мамандар арнайы дайындықтан өтеді. Бекарыспен бүгінде маңызды салаға айналған залалсыздандыру жұмыстары туралы аз-кем сұхбатымызды бөлісіп отырмыз.


– Өзіңізге белгілі, дезинфекция жүргізу жұмыстарын көпшілік толық түсіне бермейді. Осы кәсіпті меңгерген адам ретінде оқырманға өз жұмысыңызды түсіндіріп кетсеңіз…


– Негізі көп тұрғындарға залалсыздандыру жұмыстарын жасамас бұрын алдымен түсіндірме жұмыстарын жасаймын. Ұғынықты тілмен айтар болсам, дезинсекция ол – жәндіктерді жоюға жасалса, дезинфекция – инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын жою бағытында жасалады. Ал дератизация – кеміргіштерден тазарту іс-шаралары десек болады. Айтқандай бұл іс-шаралардың әрқайсына әртүрлі дәрілер қолданылады. Мысалы, қазіргі таңда Германиялық химикаттарды Астана не Алматы қалаларынан алдырып жұмыс жасап жатырмыз.


– Бұл салаға қызығушылық қай кезде басталды?


– Мен қаламыздағы озық оқу ордасы ХҚТУ-да білім алып жүрген 2-курсымда залалсыздандыру жұмыстарына қызыға бастадым. Негізгі мамандығым – филолог.  Былай қарасаңыз, екеуі мүлдем бөлек дүние. Филолог болуымның артықшылығы — клиенттермен жақсы қарым-қатынас орнатуға, іскерлік байланысты нығайтуға көмектеседі. Адам өз қалауын орындағысы келсе, оған ештеңе қарсы болмайды деп ойлаймын. Бір қызығы, бұл жұмысты мен Шымкентке барып үйрендім. Шымкенттегі «Comfort.center» ЖШС-нда жұмыс жасап жүріп, алдымен барлық ережелермен танысып, арнайы осы кәсіпке байланысты сертификат алдым. Сосын осы істі Түркістан қаласында да жеке кәсіп ретінде жалғастыруға күш салдым. Осыдан соң елде карантин жүйесі күшейіп, бұл мамандардың көмегіне жүгінетін тұрғындар көбейе түсті. Қазірге дейін, шүкір, өз қауіпсіздігіне бейжай қарамайтын тұрғындардан тапсырыстар толастаған емес.


– Сіздің қызметіңізді тұтынушылардың қатары көбейіп келе ме? Қандай қызметтер бар? Клиенттердің көңілі тола ма?


– Негізінен қаладағы тұрғын үйлерге, әкімшілік және коммерциялық ғимараттарда кездесетін адам өміріне зиянды вирустарды, жәндіктерді, кеміргіштерді біржолата жоятын залалсыздандыру жұмыстарын жасаймын. Күнделікті үй жағдайында санитарлық нормаларды сақтамаудың салдарынан түрлі жәндіктер үйімізде қаптап кетуі, ғимараттарда, жертөлелерде кеміргіштер көптеп кездесуі, эпидемиологиялық вирустардың пайда болып таралуы залалсыздандыру жұмыстарының қаншалықты қажет екенін көрсетеді. Әсіресе, Түркістан қаласындағы үйлерде сары құмырсқа, қандала, тарақан, бүрге, кене секілді халықтың мәселесіне айналған жәндіктер көп кездеседі. Біздің қызметтің артықшылығы — тек еуропалық сапалы препараттарды қолдану арқылы нәтижелі қызмет көрсету. Бұл ретте арнайы жеңілдіктер де қарастырылған. Сонымен қатар, залалсыздандыру жұмыстары кезінде кепілдік береміз. Мысалы, бір рет дезинфекция жұмысын жасаған соң, бір аптадан соң дәл сол бағада тағы бір рет залалсыздандыру жұмыстарын жасаймыз. Егер жәндіктерге қатысты алты ай ішінде тағы да бір шағым болса, онда келесі жұмыс тегін жасалады. Осындай жеңілдіктер қала халқының көңілінен шығып жатыр. Сонымен қатар, 1,2,3 топ мүгедектері мен асыраушысынан айырылған жандарға, көпбалалы отбасыларға қолжетімді бағада дезинфекция жұмыстарын жасаймыз. Клиенттердің де көңілі толып, жақсы баға беруде.


– Жұмыс барысында орын алған қызықтарды айта кетсеңіз…


– Көпшілікпен жұмыс жасаудың өзі қызық. Бірде кезекті тапсырысқа барғанымда барған үйім мені «құда күткендей» күтіп алды. Содан бір жарым сағаттай кәуап пен түрлі тағамдар қойылған мол дастарқанға жайғасып, қарқ болғаным бар. Жаңағы үйдің адамдары қандала мен сары құмырсқа қаптап кеткеніне қатты уайымдаған болса керек, мені күтіп, зор құрметпен қарсы алды. Сол кісілермен әлі күнге дейін ағайын-туыстай араласып тұрамыз. Жақында ғана сол адамдардан тағы бір тапсырыс түсті. Былайынша, кез келген тапсырыс берушімен жақсы қарым-қатынас жасауды мақсат етемін. Кейде істеген сапалы жұмысқа риза болып, артығымен ақша төлеген азаматтар да кездесіп жатады.


– Бүгінгі таңда осындай деңгейге жету жолында қандай жұмыстар атқардыңыз? Өзіңізден кейінгі осы салаға не басқа кәсіпке қызығушы жастарға айтар кеңесіңізбен бөліссеңіз.


– Кез келген жұмыста ең бірінші идея мен жаңашылдық маңызды деп айтар едім. Себебі ол болмаса жұмыстың нәтижесі көрінбей қалады. Баста осы істі қолға алғанда Түркістандағы тұтынушының көңілінен шығатын ерекше дизайндағы жазулармен жарнама жасауды қолға алдым. Жұмысты алға жылжыту үшін Фейсбук, Instagram, Тикток әлеуметтік желілеріндегі жарнамалар клиент тартуға көп әсер етті. Осыдан екі-үш жыл бұрын Түркістан және Кентау қалаларындағы аялдамаларға, бағаналарға визитка белгілерін жабыстырып шықтық. Осы арқылы тұрақты клиенттер жиналды. Бүгінде Түркістан мен Кентаудан бөлек Сауран ауданына қарасты бірнеше ауылдардан да тапсырыс қабылдап жатырмын. Жеке бренд қалыптастыру үшін тұтынушыларға жарнамалық суреттеріміз басылған бокалдарды, магниткаларды сыйлыққа береміз. Жас талаптарға айтарым, қызметтің басты нысаны – сапасы, жарнамасы және тиімді баға. Жаңа заманға сай жарнама болса, кез келген істі дөңгелету қиындық тудырмайды деп есептеймін.


– Осы кезге дейін жеткен жетістігім деп нені атар едіңіз?


– Бұл кәсіп ашқаннан бері менің алғашқы жетістігім – жақсы адамдармен жолығуым болды. Жұмысыңды адал атқарсаң, еңбектің берекесі артатынына көзім жетті. Отбасым мен ағайын-туысыма көмектесіп, өз қажеттіліктерімді де осы жұмыспен ақтап келемін десем болады. Әкемнің үнемі айтатын сөзі маған күш береді. «Елге қызмет етсең, елдің алғысын алсаң, сенімен мақтанамын!» дегені көңілге демеу, жүрекке жылу.


– Сұхбатыңызға көп рақмет!


Дәурен ТІЛЕУХАН, aimak.com.kz