02 қаз, 2019 сағат 08:59

Түркі Кеңесінің Бас хатшысы ҚР Сыртқы істер министрімен кездесті

Нұр-Сұлтан қаласында Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев Қазақстан Республикасының Сыртқы істер Министрі, Мұхтар Тілеубердімен кездесті.

Бұл туралы ҚазАқпарат Түркі кеңесінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу барысында Бас хатшы мен министр алдағы 2019 жылы 15 қазанда Баку қаласында өтетін Түркі Кеңесінің 7-ші Саммитінің дайындық мәселелерін талқылады. Сөз арасында министр Мұхтар Тілеуберді Түркі мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің 7-ші Саммиті барлық мүше мемлекеттердің мүдделеріне қызмет ететін халықаралық ұйымның тарихындағы айрықша оқиға болатынын атап өтті.

Сондай-ақ, тараптар Өзбекстанның Түркі кеңесіне толыққанды мүше ретінде кіруіне, Мажарстанның байқаушы ел ретінде Кеңестің Еуропалық офис-өкілдіктің ашылуына, Ұйымның экономикалық векторының нығаюына, оның басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықтың барысына қанағаттанушылық білдірді.

ҚР Сыртқы істер министрі Бас Хатшыға Ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты әрі кеңейту жолындағы жұмыстарына сәттілік тілеп, алдағы Саммит Түркі Кеңесінің мүше елдерінің бірлігін одан әрі нығайту жолында маңызды бір қадам болатынына сенім білдірді.