12 қыр, 2017 сағат 00:03

Түркі әлемінің жыл әдебиетшісі сыйлығы өзбек жазушысына берілді

Түркістанда өтіп жатқан Түркі әлемі әдеби журналдары редакторларының VІІІ конгресінде жылдың үздік әдебиетшісі анықталды. Биылғы жылы бұл сыйлық 90 жастан асқан өзбекстандық жазушы Шүкіролла Юсуповқа берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Түркі елдерінің 19 мемлекетінен редакторлар мен жазушылары, көрнекті мәдениет қайраткерлері қатысып отырған конгресс биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Қаламгерлердің басын қосқан жиында  Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуб Омероглы сөз сөйлеп, түркі елдері әдебиетінің бүгінгі жағдайына тоқталды. 

«Басқосуда әдебиет журналдарындағы ой-пікір, халықтың сана сезімінде жаңалықтар ортаға салынады. Әдебиеттегі жаңалықтар айтылады. Журналдардың редакторлары осында бас қосып, әдебиеттеріміздегі жаңа үрдістерді бөлісіп, болашаққа бірге барайық деген мәселе көтерді», - дейді Якуб Омероглы.

Сондай-ақ, Конгрестете  Түркияның танымал тарихшысы, халықаралық Османлы Этюдтері комитетінің басқарма мүшесі,  профессор Ильбер Ортайлы «Түркі әлемінің мәдениетіндегі Түркістанның тарихи орны» атты баяндама жасады.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков түркі әлемі ақын-жазушылары басқосуының маңыздылығына тоқталды.

«Бүгін ашылып отырған Түркі елдері әдеби журналдары редакторларының VІІІ конгресі мән маңызы терең, айтулы шараларының біріне айналары сөзсіз. Бұл конгрестің мақсаты - түркі халықтарының әдеби байланыстарын дамыту арқылы түркі тілдеріндегі қазіргі заманғы ақпарат алмасуларды жетілдіру, әдебиет саласындағы үздік туындыларды, озық қаламгерлерді анықтау болып отыр. Адамзат өркениетінің өрістенуіне, мәдениеттің мәнді болуына, ақыл ойының кемелденуіне түрік халықтарының қосқан үлесі зор. Жаңа дәуірде де түркі халықтарынан шыққан көрнекті ақындар мен жазушылар әлем әдебиетінде өзіндік үнімен келіп, қолтаңбасын қалдыра білді. Қасиетті Түркістан шаһарында өткізіліп отырған басқосу бауырлас халықтардың мәдениеттерін нығайта түсуге, ұлттық әдебиеттердің көкжиегін кеңейтуге септігін тигізеді деп үміттемін», - деді облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков.

Ал, конгрестің екінші бөлігінде секциялық мәжілістермен жалғасып, онда Түркия, Иран, Ирак, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Алтай (РФ), Дағыстан (РФ), Татарстан (РФ), Башқұртстан (РФ),  Кабардин-Балқар (РФ), Саха-Якутия (РФ), Косово, Македония, Солтүстік Кипрдан және Қазақстанның бірнеше қаласынан келген белгілі әдебиетшілер өз ойларын ортаға салды. Қаламгерлер Түркістан қаласының туристік аймақтарына экскурсия жасады.

Айта кетейік, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен соңғы он жылда дәстүрлі шараға айналған Түркі әлемі әдеби журналдары редакторларының  конгресі бұған дейін Түркия, Татарстан, Солтүстік Кипр және Әзербайжанда өткізілген болатын.