02 сәу, 2025 сағат 15:23

Туристерден 200 мың теңге бопсалаған түркістандық полицейлер жазаға тартылды

Фото: Ulysmedia.kz

Түркістан облысында Беларусьтен келген туристерден 200 мың теңге талап етті деп күдікке ілінген полиция қызметкерлеріне қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Оқиға Шымкент–Самара тас жолының бойында болған. Беларусьтен саяхаттап келген блогерлер әлемжеліде жариялаған видеосында жергілікті полицейлердің ешбір негізсіз 200 мың теңге (шамамен 400 доллар) талап еткенін айтқан. 

Туристердің сөзіне қарағанда, полицейлер оларды «Қазақстандық техникалық байқаудан өтпедіңдер, камераға түстіңдер» деп айыптаған, бірақ нақты айғақ пен дәлел көрсетпеген.

«Барлық құжаттарымыз дұрыс, ешқандай ереже бұзбадық. Бірақ олар 200 мың теңге төлеуді талап етті. Бізге шекараға дейін ешкім тимейді деп сендірді.  Бас тартуға мүмкіндік қалмады, амалсыз төледік», – дейді беларусьтік туристер.


Алғашында Түркістан облыстық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты шағым түспегенін мәлімдеген болатын. Дегенмен, әлемжеліде дау тудырған бұл жайт бойынша қазір қылмыстық іс қозғалып, күдікке ілінген қызметкерлер жұмыстан босатылды. Сонымен қатар, осы полицейлердің тікелей басшыларына қатысты қызметтік тексеру басталды.