28 мам, 2025 сағат 16:58

Түрік актері Халит Ергенч сотталды

Фото: ашық дереккөз

Түркияда "Ғажайып ғасыр" сериалында Сұлтан Сүлеймен рөлінде ойнаған түрік актері Халит Ергенчке жалған куәлік берді деген айып тағылып, 1 жыл 10 ай 15 күнге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді, деп хабарлайды Ult.kz.

Түрік БАҚ-тарының дерегінше, Ергенч 2013 жылғы наразылықтар ісі бойынша жалған куәлік берді деп айыпталды. Прокуратура Ергенчке және осы іске қатысы бар екінші актер — Рыза Коджаоғлуға 2 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Сот алдымен Ергенчті 2 жыл 3 айға, ал Коджаоғлуды 2 жылға соттағанымен, екеуінің де бұрын сотты болмағанын ескере отырып, жаза мерзімін қысқартты.

Актерлер 2013 жылы Стамбұлдағы Гези паркін қорғауға шыққан наразылық акцияларына қатысқан әріптестері және белсенді Мехмет Али Алаборамен байланысы туралы қарама-қайшы куәлік бергені үшін айыпталды. Сол жылы Алабора Гези паркінің орнына құрылыс салуға қарсы наразылықтарға белсене қатысқан. Бұл наразылықтарды көптеген түрік жұлдыздары, оның ішінде Халит Ергенч те қолдаған. Наразылықты күшпен таратқаннан кейін, кей белсенділер қуғынға ұшырап, Алабора шетелге кетуге мәжбүр болды.

Ергенч пен Коджаоғлу сотта  Алаборамен ешқандай байланысы болмағанын айтқанымен, айыптау тарабы олардың арасында Гези оқиғалары кезінде 12 қоңырау мен SMS-хабарламалар алмасқанын, сондай-ақ дәл сол уақытта белсенді байланыста болғанын дәлел ретінде келтірді.