Жаңа Қазақстанда депутаттардың да ойы өзгеріп жатыр. Бірақ Тұңғыш Президентті ешкім сатып жатқан жоқ. Алдағы конституциялық өзгерістерге қатысты пікір білдірген сенатор Нариман Төреғалиев осылай айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Әрине, кемшіліктер болды. Мысалы, сыбайлас жемқорлық, басқа да мәселелер бойынша кемшіліктер көп-ақ. "Оған кім кінәлі?" деген сұрақ туындайды. Оған бәріміз кінәліміз. Кейде жалғыз Үкімет кінәлі деп жатамыз ғой. Оған Парламент те, Үкімет те, биліктегі адамдардың бәрі кінәлі. Соның ішінде халық та бар", - деді Төреғалиев журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Жаңа Қазақстанда депутаттардың ойы да өзгеріп жатыр. Бірақ "Тұңғыш Президентті ешкім сатып жатқан жоқ".
"Жалпы, қазіргі саяси реформаларға қолдамайтын болсақ, онда өзгеріссіз отыра берейік. Өзіңіз айтқандай, 30 жыл бойы отырдық қой. Жаңа Қазақстанда депутаттардың да ойы өзгеріп жатыр деп есептеймін. Бірақ бұл жерде Тұңғыш Президентті ешкім сатып жатқан жоқ. Ол кісінің істеген еңбегін сіздер де білесіздер. Оны жоққа шығара алмаймыз. Кез келген адамның бойында қателік болады. Әрине, қателіктер болды. Бірақ ол кісі дым істемеді де, жоққа шығаратын болсақ, дұрыс емес", - деп атап көрсетті Төреғалиев.
Сенатордың сөзіне қарағанда, Конституциядан Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық мәртебесін алып тастағаннан кейін бюджет шығындары да азаяды.
"Әрине, статусты алып тастағаннан кейін сол статусқа қарастырылған барлық қаражат тоқтатылады. Бюджет бекітілсе де, оны басқа қажеттіліктерге жұмсайды", - дейді Төреғалиев.