04 шіл, 2022 сағат 11:04

Тұңғыш Президент атындағы мемлекеттік стипендияның атауы өзгермек


Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениет саласындағы стипендиясының атауын өзгерту ұсынылды. Бұйрық жобасы "Ашық НҚА"порталында жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жобаны қоғамдық талқылауға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 30 маусымда енгізген.

Құжатқа сәйкес, "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын беру қағидаларын бекіту туралы" Жарлықты "Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын беру қағидаларын бекіту туралы" деп өзгерту ұсынылды. 

Қаулы тармақтары да редакцияланады деп жоспарланып отыр. Ол алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енеді.

Құжат 15 шілдеге дейін қоғам талқысына шығарылды.

Айта кетейік, Мәдениет саласындағы жыл сайынғы 75 мемлекеттік стипендия айына 55 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тағайындалады. Қазақстанда биыл 1 АЕК 3 063 теңгені құрайды.