2017 жыл елiмiздiң экономикасы үшiн күрделi жыл болады. Бұл туралы Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтiп жатқан Үкiметтiң кеңейтiлген отырысында Ұлттық экономика министрi Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.
«2017 жыл елiмiздiң экономикасы үшiн күрделi болады деп күтiлуде. Жаһандық экономиканың алдында энергия ресурстарының бағасына, АҚШ әкiмшiлiгiнiң жаңа сауда-экономикалық саясаты мен тұрақсыздыққа байланысты сын-қатерлер тұр. Бұдан бөлек, валюта бағамы, бiрқатар елдердегi саяси белгiсiздiк пен әскери қақтығыстарға орай да қиындықтар болады», - дедi министр.
«Осындай саяси-экономикалық күрделi жағдайда бiз сiздiң Жолдауыңызға орай Қазақстанды үшiншi жаңғыртуды бастаймыз», - дедi ол.
Айта кетейiк, Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Үкiметтiң кеңейтiлген отырысы өтiп жатыр. Кеңейтiлген отырыс әдеттегiдей Ақордада емес, Үкiметте өтуде. Жиында елдiң 2016 жылғы әлеуметтiк-экономикалық дамуының қорытындылары қаралып жатыр.