Фото: QyzPU
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының директоры Гүлназ Ибрагимқызы Салғараева Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған білім, ғылым және жасанды интеллектке қатысты бастамаларды еліміздің жаңа серпіні деп бағалап, бұл бағытта университеттің атқарып жатқан жұмыстарымен бөлісті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім беру, жасанды интеллект, ғылым және цифрлық технологияларды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. Бұл құжат еліміздің жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетіп қана қоймай, әрқайсымыздың өмірімізге, әсіресе жастар мен білім саласының өкілдеріне тікелей әсер ететін стратегиялық бағыттарды айқындады. Мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында жасанды интеллект технологияларын меңгерту – басты басымдықтардың бірі ретінде атап өтілді.
Жолдауда цифрлық үкіметті дамыту, жасанды интеллектіні енгізу мәселелері кеңінен қарастырылды. Жасанды интеллект ұлттық орталығының құрылуы және түрлі бағдарламалардың іске қосылуы – еліміздің цифрлық трансформацияны жеделдетіп, барлық салада инновациялық шешімдерді қолдануға ниетті екенін айқын көрсетеді.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті AI-SANA бағдарламасының негізгі бағыттарына белсенді қатысып келеді. 2024-2025 оқу жылында 12 мыңнан астам студент, магистрант және докторант Coursera, Huawei, Astana Hub платформаларында жасанды интеллект бойынша курстарды аяқтап, сертификат алды. Университеттің біліктілікті арттыру орталығы 2024 жылы 136, ал 2025 жылы 272 оқытушыны «Білім берудегі жасанды интеллект: негіздері және практикалық қолдану» курсы бойынша оқытты. Сонымен қатар барлық білім беру бағдарламаларына «Жасанды интеллект негіздері» пәні енгізілді, ал 2025 жылы «Қолданбалы жасанды интеллект» атты жаңа бағдарлама ашылды.
Университет студенттері стартаптар мен инновациялық жобаларға белсенді қатысуда. Мәселен, 2 курс информатика студенттері «Томирис» стартап жобасымен гран-при жеңіп алып, университеттен 3 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау алды. Республикалық деңгейде «IQ Аламан 2025: AI InnovateTech» байқауы ұйымдастырылып, еліміздің барлық аймақтарынан келген студенттер жасанды интеллекті қолдануға арналған шешімдер ұсынды.
Халықаралық серіктестік аясында Түркияның Нийде университетімен бірлесіп «Tech QYZPU NIGDE Hack: 24 hours of code and creativity» атты хакатон өткізілді. Сондай-ақ, 2024 жылдың желтоқсанынан бастап Гонконг ғылым және технология университетімен (HKUST) STEM-білім, робототехника және жасанды интеллект бойынша бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. 2025 жылдың тамызында университет студенттері мен жас оқытушыларына арналған AI жазғы мектебі HKUST базасында ұйымдастырылып, қатысушылар жетекші профессорлардың дәрістеріне қатысып, зертханаларда тәжірибе жүргізді.
Педагогикалық жоғары оқу орны ретінде біз Жолдауда айтылған міндеттердің іске асырылуына өз үлесімізді қосамыз. Студенттерге заманауи цифрлық зертханалар құрып, тәжірибелік дағдыларды дамытуға жағдай жасау, жаңа курстар мен семинарларды ұйымдастыру және ғылыми жобаларға тарту – басты міндетіміз. Сонымен қатар стартап-жобаларды қолдау арқылы жастардың өз бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беруді жалғастырамыз.
Президент бастамалары білім мен ғылымды жаңа деңгейге көтеріп, жастарға кең мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту, жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу – Қазақстанның бәсекеге қабілетті ұрпағын тәрбиелеудің нақты қадамы.
Гүлназ Ибрагимқызы САЛҒАРАЕВА,
Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының директоры,
техника ғылымдарының кандидаты, профессор
