Алматы әкімі жұмыс сапары кезінде М.Әуезов ауданында жүзеге асқан әлеуметтік жобалар мен спорт нысандарының құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"
Қала әкімі Instagram парақшасында тұрғындардың әлеуметтік, білім және спорт нысандарының қолжетімді болуы алаңдататынын айтты.
«М.Әуезов ауданының қараусыз жатқан скверлер мен көшелер бойындағы учаскелерінде биыл 10 спорт алаңы салынса, тағы 50-і аулаларды жөндеу кезінде бой көтерді. Балаларының спортпен шұғылданатынына мәз болған тұрғындар бұдан былай балалар үшін алаңсыз екендіктерін айтып жатыр. Түрлі жекпе-жек пен спорттың ойын түрлерінен тегін секциялар ашылып, жұмыс істеп жатыр», — деп жазды Б. Сағынтаев.
Әкім elab.asia білім орталығында 115 курста цифрлық сауаттылық бойынша сабақ өтетінін, оның ішінде киберқауіпсіздік, бағдарламалау мен роботтехникасы да бар екенін айтты.
«Қалаға қажет бірлескен оқу жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырамыз. Ауданның жастар ресурстық орталығында кеңестер беріліп, волонтерлік жұмыстар ұйымдастырылады», - деді қала әкімі.
Qarqyn.ala қайырымдылық жобасы мұқтаж жандарға көмек көрсетуге бағытталған. «Бақытты отбасы», Іскер ана бағдарламалары - көпбалалы аналарға көмектесуге бағытталған әлеуметтік жобалар.
«Түрлі қолдау тетіктерінің арқасында олар өздерін қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын құрып, өз істерін дөңгелетіп отыр», - деді мегаполис әкімі.
Еске салсақ, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев абаттандыру, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды салу жөніндегі мәселелердің шешілу барысын тексеру мақсатында аудандарға жұмыс сапарымен шығып жүр. Бұрын халықпен есеп беру және жұмыс кездесулерінде осы мәселелер айтылған болатын.
Бұған дейін ол Алатау, Медеу аудандарында болды. Жобалар «Жаңа Алматы» кешенді жоспары аясында «Шетсіз қала» қағидатына сәйкес «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бюджетке қатысу» бағдарламалары бойынша жүзеге асырылып жатыр.