26 нау, 2018 сағат 20:17

Цифрлы технологияның тиімділігі мол

Заманауи технологиялардың игілігінен еліміздің сот жүйесі де тыс қалып жатқан жоқ. Оның басты дәлелдерінің бірі – 2014 енгізілген «Сот кабинеті» электрондық ақпараттық сервисі. Содан  бергі аралықта бұл жүйе жеткілікті деңгейде жыл сайын жаңартылып, белсенді жұмыс жасап, сервисті қолданушылардың сағаттап саны артқан. Цифрлану жаңалығының жағымды жағы - жұмыстағы қағазбастылықты жою. Бұл жайлы Алматы қаласы Алатау аудандық сотында өткен брифингте айтылды.

Алатау аудандық сотының төрағасы Дәурен Тілеубаев тізгінін ұстаған жиынға Алматы қаласы Алатау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының өкілі Сұлтан Нұрмұханбет, Алатау ауданының бөлім прокуроры Ернар Саржан, Алатау аудандық сотының судьялары мен аудандық соттың кеңсе меңгерушісі және өзге де сот мамандары қатысты. «Сот кабинеті» сервисі сот үдірісін әлдеқайда жеңілдетті. Қазір арыз, шағым және басқалары сотқа осы «Сот кабинеті» арқылы келіп түседі және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. «Сот кабинеті» сервисі арқылы келіп түскен арыздар бұрынғыдай қағазға басып шығарылмайды. Мұны аталмыш жаңашылдықтың ел көңілінен шыққаны деп бағалауға болады. Өйткені, бүгінгі күні кез келген азамат, адвокат үйінде немесе жұмыс орнында отырып-ақ сотқа тиісті талабын «Сот кабинеті» арқылы жібере алады. Сонымен қатар, істің қаралу барысын бақылауға да сервис мүмкіндік беріп отыр», – деді аудандық сот төрағасы сервис қызметінің жетістіктерін айта келе.

Мәлім болғандай, «Сот кабинеті» сервисі электронды нұсқада біршама қызмет түрін береді және жыл сайын одан алуға болатын қызмет түрлерінің саны арттырылып келеді.

Ұлт порталы