03 сәу, 2024 сағат 16:24

"Тризм әлемдік экономикада 9,2% құраса, Қазақстанда 3,9%-ын ғана алып отыр" - депутат елдегі туризм проблемаларын көтерді

Фото: ашық дереккөзден

Әлемдік экономикадағы туризмнің үлесі 9,2% құрап, 9,5 трлн. долларға жетті. Ал, Қазақстанның туризм саласы экономиканың тек 3,9%-ын ғана алып отыр деп мәлімдеді депутат Нұргүл Тау мәжілістің кезекті отырысында.

Мәжілісмен Қазақстанда туризм саласының дамуына кедергі жасап отырған мәселелердің бірі туристтік инфрақұрылымның әлсіздігі екенін айтып отыр. 

"Атап айтқанда, туристтік аумақтар тамақтану және гигиеналық орындармен тиісті деңгейде қамтылмаған. Бұдан бөлек, логистика мәселесі бар. Мысалы, туристтердің көптеп баратын жеріне айналған Алакөлге апаратын поездың жағдайы жан түршіктіреді. Сондай-ақ, шалғай туристтік мекендерде сапалы байланыстың жоқ екені де белгілі. Аталған мәселені шешу үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қолдана отырып, автомагистральдардың әр 100 шақырымында толығымен қамтылған қонақ үй ашу қажет. Бұл үрдіс бірқатар Еуропалық елдерде кеңінен таралған", -деді депутат.

Сондай-ақ Нұргүл Тау туризмді дамытуға мүлдем қаражат бөлінбегенін айтып, мәселе көтерді.

"Қазақстанда 2021 жылдан бастап Туризм мен спортты қолдау бюджеттен тыс қоры жұмыс істеп келеді. Қордың мүлікті пайдалану туралы есептеріне сәйкес Қордан 2021-2022 жылдары 51 млрд.теңге тек спорт саласына ғана бөлінген. Ал, туризмді дамытуға мүлдем қаражат бөлінген жоқ. Сондай-ақ, Қордың Жарғысына туризмді дамытуға қатысты ереже тек өткен жылы ғана енгізілген. Осыған байланысты, аталған Қордан бөліп шығару арқылы «Туристік саланы дамыту қорын» құруды қарастыруыңызды сұраймын. Бұл туристік салаға бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуын арттырады деп сенемін", -дейді депутат Тау.

Бұдан бөлек, шеберханалар мен қолөнер туындыларын туристтерге сатуға арналған бірегей алаңның жоқтығы депутатты алаңдатып, осыған орай, басым туристік аумақтарда қолөнершілер орталықтарын ашу және өзара интеграцияланған қолөнер маркетплейсін құруды ұсынды.

Сондай-ақ, Қазақстандық туризмнің тартымдылығына көп көңіл бөлу қажет дегенді айтты. Және бүгінгі таңда саяхаттаудың танымал түрі кеме круизі саласында өзгерістер жоқтығы алаңдатып отыр.

"Алтыншы – қазір елге келген шетелдік турист Google іздеу жүйесіне «Қазақстанның көрнекті орындары» деп ағылшынша терсе, бірінші 10 сілтеменің арасынан қазақстандық ресми сайтты таба алмайды.
Бізде бар eQonaq қосымшасын қазақша «қонақ» сөзін түсінбейтін турист Google іздеу жүйесінде қайдан табады? Сондықтан осы мәселені де қолға алу ұсынылады. Жетіншіден, Еңбек кодексіне сәйкес жұмыскер вахталық жұмыста 30 күн болса, тағы 30 күн демалуы тиіс. Дегенмен, көптеген туристтік объектілер жылына 90 күн ғана істейді. Сондықтан, кәсіпкерлер бір орынға жылына кемінде екі жұмыскер ауыстыруға мәжбүр. Бұл туристтерге көрсетілетін қызмет сапасына кері әсерін тигізіп қана қоймай, кәсіпкерлерге қосымша шығын әкеледі.
Бұл мәселені шешу үшін туристтік саланың ерекшелігін ескере отырып, қарастыруды ұсынамын", -деді депутат Н. Тау.