Қытай мен Үндістан азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз тәртіп енді Қазақстанның алты қаласының әуежайларына енгізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Мемлекет басшысының еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының көліктік қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында ҚР Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасына келудің, болудың және кетудің ережесіне өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, аталмыш транзиттік тәртіп аясында жұмыс істейтін халықаралық әуежайлардың тізімі 4 қаланың әуежайларымен толықтырылды. Нұр-Сұлтан және Алматы әуежайларының қатарына енді Шымкент, Ақтау, Қарағанды және Тараз қалаларының әуежайлары қосылды.
Бұдан бөлек, аталмыш режимнің күші барлық әуе компаниялардың (қазақстандық және шетелдік) жолаушыларына таратылатын болады.
Айта кетейік, Қытай және Үндістан азаматтары үшін бұған дейін енгізілген Қазақстан Республикасына келудің, болудың және кетудің 72 сағаттық визасыз тәртібі 2020 жылғы 31 желтоқсан, сағат 23.59-ға дейін қолданыста болады.
Осылайша, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Тараз әуежайлары арқылы қазақстандық және шетелдік әуе компаниялармен саяхаттайтын ҚХР және Үндістан елдерінің транзиттік азаматтары Қазақстан Республикасының аумағында 72 сағаттық визасыз режимді қолдана алады.
«Жедел мәліметке сәйкес, Қазақстан Республикасы арқылы өтетін әуе көлігімен саяхаттаған транзиттік жолаушылар ағыны 2019 жылы 1 млн жолаушыдан асты. 2018 жылмен салыстырғанда өсім шамамен 11% құрады. Енгізілген толықтырулар Қазақстан Республикасы арқылы транзиттік жолаушылар санының артуына ықпал ететін болады», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінде.