АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО-ны қолдап, қалған қатысушы елдер Солтүстікатлантикалық одақ қызметінде белсенді болу керек деп атап өткен.
Флоридадағы әскери-әуе базасына барған Трамп радикалды исламизммен күресуді жалғастыратынын, террористік қауіп әлемде өсіп кеткенін айтқан. Президент "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымын геноцид жасап отыр деп айыптаған.
Елге иммиграцияны шектейтін жарлығына байланысты Трамп Құрама Штаттарға тек американың құндылығын бағалайтын адамдарды ғана кіргізуге дайын екенін мәлімдеді.
Жеті мұсылман елінің азаматтары үшін АҚШ-қа кіруге тыйым салатын жарлыққа Трамп 27 қаңтарда қол қойған. Осы жарлықта Сириядан келетін босқындарды 120 күнге дейін тоқтата тұру қарастырылған. Сиэтл штатының федералды соты Трамп жарлығына тосқауыл қойды.