14 қар, 2016 сағат 10:08

Трамп Мексикамен шекарада қабырға тұрғызу ниетін нақтылады

АҚШ президенті болып сайланған Дональд Трамп. Вашингтон, 10 қараша 2016 жыл.

АҚШ президенті болып сайланған Дональд Трамп президент қызметіне кіріскен соң Мексикамен шекарада қабырға тұрғызу ниеті барын тағы да нақтылады. CBS телеарнасына берген сұхбатында ол бұрын қылмыстық іске қатысы бар болуы мүмкін үш миллионға дейінгі заңсыз мигрантты депортациялауға дайын екенін мәлімдеді.

Трамптың сөзінше, қабырға шекараның кейбір жекелеген бөліктерінде ғана тұрғызылады. Ал шекараның қалған бөліктерінде кедергі қоршау орнатылмақ. Трамп қабырға тұрғызу процесімен жақсы таныс екенін де айтты.

Трамп сайлауалды кампаниясында АҚШ-та тұратын кейбір мексикалық мигранттарды қылмыскер және зорлықшыл деп атаған. Ол президент болса елде заңсыз жүрген барлық мигрантты депортациялап, Мексикамен шекарада бетон қабырға тұрғызуға уәде берген.

Трамптың жоспарына қарсылар жер бедерінің ерекшелігіне және жоба құнының қымбаттығына байланысты бетоннан қабырға тұрғызу мүмкін емес дейді. Миллиардердің өзі бұған дейін Мексикамен шекарада бетон қабырға тұрғызу 8 миллиард доллардан аспайтынын мәлімдеген.