16 нау, 2017 сағат 13:33

Трамп Мексикамен арадағы шекараға дуал тұрғызу үшін 4 млрд доллар бөледі

АҚШ президенті Дональд Трамп Мексикамен арадағы шекараға дуал тұрғызу үшін, алдағы екі жылда 4 млрд доллардан астам қаржы бөлмекші. Reuters агенттігінің ақпараты бойынша, бұл қаржы Конгрестің қарауына берілген бюджет жобасында бар.

Ақпан айында АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрлігі дуал құрылысын 20 млрд долларға бағалаған. Жобаның нақты құны Трамп құрылыс сметасын ұсынғаннан кейін ғана белгілі болады. Оны мамыр айында ұсынбақ.

Трамптың сайлауалды кампанияда берген уәделерінің бастысы — жұмыс орындарын ашу және заңсыз миграцияға қарсы күрес. Қаңтар айының аяғында ол Құрама Штаттар мен Мексика арасындағы шекараға дуал тұрғызу жөніндегі жарлыққа қол қойған. Президенттің сөздерінше, құрылыс құнының жартысын Мексика үкіметі төлеуге тиіс. Кейін Трамп бұл пікірінен айныған.