19 мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирустан сақтану үшін безгек дәрісін ішіп жүргенін жариялады. Азық-түлік пен медицина препараттарының қауіпсіздігін бақылау жөніндегі федералды басқарма өткен айда бұл дәрі ауруханада емделіп жатқан адамға ғана қолданылуы мүмкін екенін ескерткен.
Баспасөз брифингі кезінде президент Трамп бір аптадан бері гидоксихлорохин мен құрамында мырышы бар қоспа қабылдап жүргенін айтқан. Президент сөзіне қарағанда, дәрігер бұл препаратты қабылдауға кеңес бермеген, дегенмен Ақ үй дәрігерінен рецепт жазып беруді сұраған.
Ақ үй дәрігері Шон Конлидің ресми мәлімдемесіне қарағанда, олар препараттың артықшылығы мен кемшілігін талқылап, "пайдасы көбірек" деген шешімге келген.
Президент Трамп бұл препараттың тиімділігі тәжірибе жүзінде расталмаса да, оны коронавирусқа қарсы тиімді дәрі деп санайтынын бірнеше рет айтқан.
- Гидроксихлорохиннің корнавирустан сақтайтынына, я оны емдейтініне ешбір дәлел жоқ, – дейді Америка медицина ассоциациясының президенті Пэтри Харрис Associated Press агенттігіне берген сұқбатында. Оның сөзінше, зерттеудің бастапқы нәтижелері үлкен үміт күтерліктей емес және бұл препараттың организмге қауіпті жанама әсері көп болуы мүмкін.
Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси "жасы мен "салмақ санатын" ескере отырып, президент ғалымдар құптамаған преператты қабылдамағаны жөн болатынын" мәлімдеді.
Мамыр айының бас кезінде Ақ үйдің екі қызметкерінен COVID-19 әсеріне жеткізетін коронавирус анықталған. Содан бері президент пен вице-президентке вирус жұқтырудан сақтанып, ішінара оқшаулау шаралары қолданылған. Ақ үйде жұмыс істейтін әкімшілік қызметкерлерін медициналық маска тағуға міндеттеп, президент, вице-президент пен олардың көмекшілерін күн сайын корнавирус тестінен өткізетін болған.