14 қар, 2016 сағат 13:19

Трамп Американы мигранттардан тазартуға кіріспек

АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп Америка мен Мексиканың шекарасына үлкен қабырға тұрғыза ала ма?

«АҚШ-қа заңсыз кірген мигранттар мен қылмыскерлерді, нашақорларды, сондай-ақ бандалық топтың мүшелерін елден сыртқары жерге жіберуге дайындалып жатырмыз. Елде қазір ондайлар өте көп, 2 миллион, мүмкін 3 миллион адам бар шығар. Олар АҚШ-та заңсыз жүр. Сондықтан заңсыз жүрген адамдарға АҚШ-та орын жоқ. Көнбегенін түрмеге тоғытамыз», - деді Дональд Трамп CBS телеарнасына берген сұхбатында.

Ал Мексикамен арада тұрғызылатын қабырғаға келсек, шекараның кейбір бөліктеріне қабырға тұрғызылуы ықтимал, ал кейбір жеріне сымнан тор орнатылады.

Трамптың ойынша, ең алдымен шекара маңын қауіпсіздендіріп алу керек. Сосын барып мигранттарды тексеру қажет. Олардың қаншасы елде заңсыз жүр, әсіресе бұзақылар мен баукеспе мигранттарға кешірім болмауы тиіс.

Рас, Мексикамен арада қабырға тұрғызу Трамптың сайлауалды кампаниясында бірнеше қайталанды және Дональдты жақтаушылардың ойынша, бұл сайлаушыларға ұнаған ең жағымды бастаманың бірі болды. Қазір де сайланғаннан кейін Трамп бұл ойын оқтын-оқтын айтып келеді. Бірақ Мексика билігі егер АҚШ-пен арадағы шекараға қабырға тұрғызылатын болса, оған ел қазынасынан ешқандай қаржы бөлінбейтінін айтты. Демек, бұл Трамптың ғана идеясы болып отыр.

aikyn.kz