АҚШ президенті Дональд Трамп елдегі және әлемдегі саяси жағдайларға қатысты жолдау жасады. Трамп елдің экономикалық жетістіктеріне тоқтала келе, қос партияны иммиграция мәселелерін реттеу үшін ортақ шешім қабылдауға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" centralasian.org агенттігіне сілтеме жасап.
Ол билікке келгеніне бір жыл өткен соң Конгрестің бірлескен отырысында баяндама жасады. Бір апта бұрын қос партияның бюджетке қатысты келіспеушіліктеріне байланысты федералдық үкімет жұмысы жартылай тоқтаған еді.
АҚШ президенті баяндамасында Қытай мен Ресейді "қарсыластар" деп атады. Сонымен бірге ол Конгресті "Иранмен ядролық келісімнің кемшіліктерін реттеуге" шақырып, АҚШ Солтүстік Кореяның қарулануына қарсы "мейлінше қысым көрсету" науқанын жалғастыра беретінін мәлімдеді.
Көптеген мәселелер бойынша Трамп өз әкімшілігінің ұстанымын тағы растады. Солардың ішінде "Ислам мемлекеті" және ""Әл Қаидаға" қарсы соғысты жалғастыру, терроризмге қарсы тұру, АҚШ саясатын қолдамайтын мемлекеттерге көмекті азайту мәселелері бар. Бұған қоса ол Вашингтонның өз әскерін Ауғанстаннан және басқа да елдерден шығару мерзімдерін жарияламайтынын мәлімдеді.
АҚШ президенті бір жарым сағатқа созылған сөзінде Конгрестен инфрақұрылым нысандарын модернизациялауға 1,5 триллион доллар ассигнациялауды мақұлдауын сұрады. Ол Нью-Йорктегі Empire State көп қабатты ғимараты өткен ғасырдың алғашқы жартысында бір-ақ жылда салынғанын айтып, «Біздің кезімізде жол салуға рұқсат алудың өзіне 10 жыл кетіру деген масқара емес пе?» деді.
Трамп баяндамасының сыртқы саясат пен қорғанысқа қатысты бөлімінде экс-президент Барак Обаманың «аса қауіпті терроршылар» отыратын Гуантанамо түрмесін жабу туралы шешімін жойғанын айтты. Ол сонымен қатар қорғаныс саласына бөлінетін бюджет қаржысын секвестрден шығаруды қолдайтынын жеткізді.
Трамптың баяндамасы 1 сағат 23 минутқа созылды, оны бірнеше мәрте қол шапалақтаумен бөліп жіберіп отырды.
Тікелей таратылымды орыс тіліндегі ілеспе аудармамен көріңіз.