07 қаң, 2020 сағат 06:30

Трамп АҚШ әскерін шығарғысы келген Иракқа сес көрсетті

АҚШ президенті Дональд Трамп егер Бағдат Вашингтонға қарсы "дұшпандық әрекетке" баратын болса, АҚШ тарапынан елеулі санкцияларға кезігетінін ескертті. Бұл мәлімдеме АҚШ әскерін Ирактан шығару туралы талапқа байланысты айтылып отыр.

"Оның жанында Иранға қарсы санкциялар Бағдатқа ұсақ-түйек болып көрінеді" деп мәлімдеді Трамп журналистерге.

Оның сөзінше, Ирак АҚШ салып берген әуе базасы үшін төлем жасамайынша, АҚШ әскері Ирак аумағынан шықпайды. "Оның құрылысына миллиардтаған доллар жұмсалды. Егер олар бізге соны төлемесе, біз ешқайда кетпейміз" деді Трамп.

Бұған дейін, 3 қаңтарда АҚШ президентінің бұйрығымен жүргізілген арнайы операция нәтижесінде Бағдат әуежайында Иран генералы Касем Сүлеймани қаза тапқан. Осыған байланысты Ирак парламенті шұғыл өткізген отырысында қабылдаған қарарда ел аумағынан барлық шетелдік әскерді алып кетуге шақырған.

Ирак парламенті сонымен бірге ел аумағында, теңізде және әуе кеңістігінде шетел әскерінің қандай да болмасын кез келген белсенді іс-әрекетіне тыйым салуға шақырған.

Қазіргі кезде Иракта АҚШ-тың бес мың сарбазы бар.

Ирак үкіметі ел аумағынан АҚШ әскерін шығару шараларын әзірлеуге кірісіп кеткен.

АҚШ Мемлекеттік департаменті Ирак үкіметін асығыс шешім қабылдауға бармас бұрын әбден ойлануға шақырып, "Ислам мемлекеті" террорлық тобына қарсы күресте екі ел арасындағы берік ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өткен. Германия, Франция мен Ұлыбритания да Иракты осы бағыт бойынша әріптестікті жалғастыруға шақырған.

Иранның ислам сақшылары корпусының арнайы элиталық бөлімі – "Құдс күштерінің" қолбасшысы генерал Касем Сүлеймани 3 қаңтар, жұма күні таңертең Бағдат әуежайына ұшып келгеннен кейін АҚШ-тың әуе шабуылынан қаза тапқан. Бұл операция туралы бұйрықты АҚШ президенті Дональд Трамп берген. Осыдан кейін Таяу Шығыстағы жағдай шиеленісе бастады деп хабарлайды Reuters. Иран генералдың қазасы үшін Вашингтоннан кек қайтаруға уәде етті. АҚШ Таяу Шығысқа қосымша үш мыңға жуық сарбаз жөнелту туралы шешім қабылдады.