28 шіл, 2016 сағат 17:46

Төрелік айтудағы озық үлгі – медиация

Ал осы би, шешендер даулы мәселені төрт-ақ ауыз сөзбен тындырып отырған. Тындырғанда да хатсыз, ол ауызша жүзеге асып, шешімі бітіп жатқан. Салыс­тырып қарасақ, ертедегі бір би­дің өзі осы күнгі соттың да, про­курордың да, полицияның да, яғ­ни қаншама мекеме, ұйым­ның да қызметін атқарып келген. Би болып белгіленетін тұл­ғалар өзінің тапқырлығы мен ше­шендігін, әділ төрелік айта алатын қасиетін көпшілік алдында көрсете білген. Олар барынша адал, ешкімге бұра тартпайтын, тура сөйлейтін нағыз шешен әрі халықтың көкейіндегісін айтқан әділет жаршысы болған. Сондықтан да халық «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», деп мақалдап кеткен.

Өйткені бірде-бір кітапсыз, бірде-бір диктафонсыз, бірде-бір компьютерсіз, яғни жазба құ­­ралдарынсыз қазақ өрке­ние­тінің, мәдениетінің, әдебие­ті­нің, салт-дәстүрінің бүгінгі дамы­ған заманға дейін қаншама алпауыт ауыр кезеңдерден саф қал­­­пында аман-есен өтіп, жет­уі ұлттық дүние тану мен ұлттық тәр­­­­биенің ұрпақтан ұрпаққа рухани сіңірілуінің арқасы десек, қателеспейміз. Сонымен қа­тар шетелдегі және шетелден келген қандастарымыздың ту­ған тіліміз бен дінімізді, салт-жо­­ралғыларымызды ұмытпай, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуі – осы сөзіміздің айқын айғағы. Алай­­­да көпке топырақ шашпай­мыз, ақ­сақал абыройы мен беде­лінің шарықтауына кері ықпал ететін кейбір әкімдер, аудан, ауыл әкімдері тек өздерін мақ­тайтын, жағымпаздар ортасын қол­дан қалыптастырудан аулақ болуы тиіс. Олар керісінше ақ­сақалдармен маңызды істерін ақылдасса, олардың кеңесі­не құлақ асса, халық арасында туын­­даған дау-дамайларды тек сот шешеді деп отырмай, сотқа жеткізбей, алдын алу мақ­сатында ақсақалдар мен әже­лерді шақырып, тараптар­ды татуластыруға үлес қосуы керек. Себебі, ұлттың ұлы мұра­тын ұлықтап, мемлекеттің ұлт­тық діңгегін қатайтатын, ел­дің тентегін жөнге салатын, ұят­ты ұл, арлы қыз тәрбиелеп, ер ба­ла­­­ның намысын, қыздарының ар-ұятын қорғайтын аузы дуалы, өмірден көргені мен түйгені мол ақсақалдар қоғам тәрбиелеуші­­сі ретінде тұлғалық болмысы зор еке­­нін естен шығармағанымыз жөн.

«Жаңбырменен жер көгер­ер, батаменен ел көгерер» дегендей, ақ­­сақалдар мен ақжаулықты ана­лардың батасы жорыққа шық­қанда, жол жүргенде періш­тедей қорған болғаны тарихтан белгілі, ал теріс батасының ке­сірі де тарихи оқиғалардан баршамызға мәлім. Тіпті, Ел­басымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың Абайдың ақын шәкірті, көнекөз қария, тоқ­­сан­ның алқымына келген Шә­кір Әбе­­­­­новтен өз алдымызға ел болып мерейленген тұста бата ал­уы – тек­тілік пен көрегенділік­тің үл­гісі. Құдды сол бата барша елі­міз бен Елбасымызды жебеп, қолдап, қорғап жүргендей.

Кешегі дария қарттарымыздың, от ауызды, орақ тілді шешен­дері­міз бен қара қылды қақ жар­ған абыз билердің ел басқару, әсіресе халықтың тұрақтылы­ғы мен бірлігін ұйыстырып, елі­­міз­дің шетелдермен өзара ынты­мақтастығын реттеп отырған бі­тімгершілік үрдісінің бүгінгі заман талабына сай Тұңғыш Пре­зидентіміздің бастамасымен ұштасып, жандануы – қуантарлық жайт. Егемен еліміздегі 100-ден астам ұлт пен ұлыстың басын қа­­сиетті қазақ елінің киелі қара шаңырағының астына жинап, ынтымағы мен бірлігі, ырысы мен несібесі жарасқан мемлекет болып қалыптасуымыздың негізі Елбасымыздың көрегенділігі мен саяси алғырлығының, яғни Бәйді­бек бабамыз айтқандай, керуен басы­ның мықты болуында.

Әрине, бітімгершілік уәжге құлақ аспау көргенсіздік, тек­сіздік ретінде бағаланған. «Бітім­шілікке тоқтамағаннан береке іздеме» деген сөз осыдан шыққан. Сондықтан да 2011 жылдың 28 қаңтарында елімізде «Медиация туралы» заң қабылданды. Аталған Заңға сәйкес Қазақстанда дауларды баламалы шешудің жаңа түрі – медиация енгізілді. Себебі қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Елімізде «Медиация туралы» заң­ның қабылдануы, яғни өр­кениет көшіне бет түзе­ген батыл қадамдардың жасалуы біздің қо­ғамымызда оң өз­ге­рістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақ­тайды. Бұл заң – қазақ халқы­ның дәс­­­түрлі билер мен ата-бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тә­жі­рибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамдардың бірі. Кешегі бабаларымыздың бітім­гершілік заңы мен бүгінгі медиа­ция заңының арасында үлкен сабақтастық жатыр. Сон­дықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Судьялар одағының VІ съезінде сот тәртібімен қаралуға жата­тын дау-дамайларды азайту мә­селесіне назар аударуды, соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін, соның ішінде бітім­гершілік және медиация процедураларын енгізуді тапсырған болатын. Президентіміздің сын­ескертпелерінен кейін медиация заңы мен татуластыру рә­сім­дерінің маңыздылығы мен мақсаты елімізде қарқынды түрде насихатталып, іске асып жатыр. Ең бастысы, медиация заңының қолданыс аясы кеңейіп, дауларды шешу кезінде тараптарды бі­тім­ге келтірудің берекелі жолы қалыптасуда.

Осы орайда атап өтетін қуа­ныш­­ты жаңалыққа тоқталып өтсем, бүгінгі күні Шығыс Қа­зақ­­­стан облысында жергілікті ақ­са­қалдардан құралған кәсіби емес медиаторлар ортасы қа­лып­­­тасып келеді. Құқықтық мем­­­лекеттің талаптарына жауап беретін заманауи отандық сот жүйесінде дауларды бейбіт түрде шешуге ықпал ететін кәсіби және кәсіби емес медиаторларға кез келген азаматтың жүгіне ала­ты­ны, әсіресе Елбасымыздың «Ме­диа­ция туралы» Заңды қабыл­дап, оны дамыту жолында біршама нақты бастамаларды бастауы құқықтық, зайырлы мемлекет болуымызға, адамдардың қадір-қасиетінің сақталуына зор ық­пал етіп отыр. Себебі азамат­тық, ең­бек, отбасылық және өзге де жеке немесе заңды тұлғалардың құқықтық қатынастағы дау-дамайларын реттеуде сотқа бармас­тан бұрын және соттағы қарау бас­талған соң да медиация заңына сәйкес татуластыру рәсімдерін қолдануға болады.

Қоғам болған соң түрлі мә­селелер, түрлі түйткілдер орын алмай тұрмайды. Ондай мәсе­лелерді сауатты, салиқалы, ба­йыппен шешудің оңтайлы жолы сот процестерінде татуластыру рәсімдерін кеңірек қолдану бо­лып табылады. Айталық, пар­тисипативтік рәсім заңды және жеке тұлғалардың азамат­­тық, еңбек, отбасылық, басқа да құ­қықтық қатынастардан туын­даған азаматтық-құқықтық дау­ларда қолданылады. Бұл көп­теген өркениетті елдерде сәтті қол­­данылуда. Осындай түрлі балама тәсілдерді тәжірибеге енгізу қоғамның дамуына тың серпін береді. Медиацияның ше­шімі сот шешімімен бірдей екенін халық арасында әлде де ұтымды түрде ұғындырған абзал деп есептейміз.

Мәселен, биыл об­лыс­тық әкім­дікпен бірлесіп арнайы медиация бойынша оқу орталық­тары мен кабинеттерді өңірдегі қала­лар мен аудандарда ашу туралы келісімге келдік. Ке­ліс­сөз қорытындысы бойын­ша облыстық соттың және Қазақ­стан халқы Ассамблеясы ШҚО хатшылығының бастамасымен облыстық Достық үйінде Шы­ғыс Қазақстан облыстық соты, Қазақстан халқы Ассамблеясы ШҚО хатшылығы, ШҚО Әділет департаменті, ШҚО ішкі істер департаменті, ШҚО білім бас­­­қармасы және денсаулық бас­қармасы, Шығыс Қазақстан облысының адвокаттар коллегиясы, «Шаңырақ» медиация орталықтары араларында тату­ластыру шаралары бойынша өз­ара әріптестік қызмет жөнінде ме­морандумға қол қойылды.

Оны орындауда республика бойынша Өскеменде об­лыс­тық Достық үйінде ең алғашқы «Медиация бойынша оқу орта­лығы» және «медиация кабинеті» ашылды. Атаулы меморандумда тараптар болашақта медиация институтын дамыту шаралары бойын­ша қажетті іс-қимылдар жасауы тиіс екендігін көрсетті. Бекітілген келісім негізінде об­лыс­тағы 14 Достық үйінде осын­дай орталықтар ашу туралы шарт жасалып, Шығыс Қазақстан об­лысының барлық аудан орта­лықтары мен қалаларында, тіпті ауылдық округтерінде медиация орта­лықтары мен кабинеттері то­лық ашылып, жүйелі жұмыс атқаруда.

Аймағымыздағы медиация кабинеттері мен орталықтарының тиісті дәрежеде жұмыс істеуіне тек мемлекеттік органдардың ғана емес, ауыл, аудан, қала ақ­­са­­қал­дарының, зиялы қауым өкілдерінің белсенді атса­лы­суы­ның, олардың қоғамдағы бір­лік­ті ұйы­туға үлес қосуының ма­ңы­­зы зор. Сондықтан да облыс орталығындағы медиация орталығынан кейін өңірлік медиация орталығын ашуды Абай бабамыздың кіндік қаны тамған өлкеден бастадық. Игілікті шараға жергілікті тұрғындармен қатар Шы­­ғыс Қазақстан облыстық со­ты­ның судьялары, өңірімізге, тіп­ті елмізге белгілі зиялы қауым өкілдері Арап Еспенбетов, Кен­жеш Мұқашұлы сынды белгілі азаматтар арнайы барып ақ баталарымен қолдауларын білдірді. Атаулы шараға Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков аудан ақсақалдары мен ауылдық округ әкімдерін арнайы жинап, бастамамызды дамытуға атсалысып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып игілікті істің қарқын алуына өзіндік үлес қосты. Абай ауданында 2016 жылдың екі айының қорытындысы бойынша қаралған істердің 6 пайызы та­туластыру рәсімінде аяқталса, аудан ақсақалдарының бұл бас­тамаға белсенді атсалысуының арқасында 2016 жылдың 6 айы­ның қорытындысында қаралған істердің 22 пайыздан астамы татуласу тәртібінде аяқталуы үл­­кен нәтиже. Бүгінгі таңда атау­лы бастамаға сәйкес барлық аудан орталықтары мен елді ме­кендерге Шығыс Қазақстан облыстық сотының судя­лары мен «Шаңырақ» медиация орта­лығының медиаторлары арнайы іссапарларға барып, үгіт-насихат жұмыстарымен қатар тәжірибелік семинарлар мен конференциялар ұйымдастыруда. Мұндай игі бастамамыз әуелі зиялы қауым өкілдері тарапынан және ақ­сақалдар мен ақ­ жаулықты аналардан қолдау алып, қарқынды жүзеге асуда.

2016 жылдан бастап жаңа Азаматтық-процестік кодекстің нормаларына сәйкес, енді қорғау­шылар мен судья дауласқан екі жақты татуластыра алады. Бү­гінгі күні бұл өте құптарлық жайт. Себебі, 2016 жылдың бі­рінші жартыжылдығында осы атқарылған іс-шаралар мен оң өзгерістердің арқасында медиация заңының қолданыс аясы кеңеюде. Статистикалық мәлі­меттерге көз жүгіртсек, Шығыс Қазақстан об­лысы соттарын­да 2014 жылы аяқталған істердің 2094-ы ме­диа­торлардың қа­тысуымен қаралса, ал 2015 жылдың қоры­тындысы бойынша барлығы аяқталған 107218 істің 3577-і медиатордың қатысуымен қа­ралған. Ал биылғы жылы бірінші жартыжылдықта қаралған 52259 істің 4336-і (8,3%) татуласу рә­сімімен аяқ­талуы үлкен же­тістік деп біле­міз. Ал татулас­тыру рәсім­де­рімен қаралмайтын қыл­мыстық, азаматтық, әкімшілік істерді жал­пы көрсеткіштерден азайтсақ, яғни барлығы қаралған 52259 істің 24270-і ғана медиация тәртібінде қарауға жататы­нын ескерсек, онда қаралған іс­тердің 17,9 пайызы татуластыру рәсімдерімен қаралған деген көрсеткішке ие боламыз. Бұл тұрғыда, осы облыстағы су­дья­лардың жоғарыдағы көрсет­кіштердің артуына қосқан үлесі зор екендігін атап өткеніміз абзал. Себебі судьялардың даулы істі қа­­рауды әділ әрі тез, татуластыру тәртібінде кәсіби тәжірибеле­рін қол­­данып өткізулеріне азаматтар дән риза екендіктерін айту керек. Мұ­ның нәтижесінде арыздар мен ша­ғымдар саны жыл сайын азая түседі.

Сонымен қатар, атап өте­тін өзекті мәселелердің бірі – сот тө­ре­лігінің сапалы жүзеге асырылуы. Бүгінгі күні сот жүйесінде Мемлекет басшысының «100 нақ­ты қадам» Ұлт Жоспары бағ­дарламасын іске асыру аясында Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Әбдіразақұлының бас­шы­­лы­ғымен жүйелі жұмыстар жүр­­гізілуде. Елімізде соттан аш­ық, соттан жария бірде-бір меке­ме жоқ десем қателеспеймін. Ха­лықтың сотқа деген көзқара­сы жақсарды. Дегенмен, халық­тың әлі де сотқа үрке қарайтыны да шындық. Десек те бүгінгі сот жү­йе­сінен кешегі сот жүйесінің айырмашылығы жер мен көктей. Сот – тәуелсіз, сот – әділ, сот – ха­лықтың тірегі. Тәуелсіз еліміз сатылап, сан соқпақтан өтіп, бүгінгі күнге жеткен болса, егемен елдің сот саласын да түлеткен жылдар бойы жасалған жұмыс, ізденіс, еңбек болатын. Осы күнге дейін Қазақстанның сот саласы талай жаңашыл реформалардың шеңберінде қалыптасып, алға дамыды. Заманмен бірге заңның өзгергенін халық біліп те, көріп те жүр. Сол көреген көздер ке­ше­гі сот ғимараты мен бүгінгі ғи­ма­­раттардың, кешегі судьяларға жасалған мүмкіндік пен бүгінгі қазыларға жасалған игіліктің айырмашылығы жер мен көктей екенін біледі. Кешегі билердің жо­лын жалғап жүрген судьяларға деген құрмет те жоғары, оларға қойылатын талап та биік. Мем­лекеттік мекемелер арасында жа­­­риялылық пен ашықтықтың үлгісі болып отырған сот жүйесі осы уа­қытқа дейін қолдаудан, Ел­басының назарынан тыс қалған емес.

Егемендігіміздің бір белгісі мемлекеттік тілдің өз деңгейіне көтерілу мәселесі әлі де күн тәр­тібіндегі мәселелердің бірі болып тұр. Облыстағы барлық мемлекеттік мекемелер мен құ­қық қорғау органдарына, екінші деңгейлі банктер мен мекемелерге мемлекеттік тілдің сот сала­­сындағы ара салмағын өсіру мақсатында іс қағаздарды және арыз-шағымдарды мемлекеттік тілде жолдау туралы хаттар жазылды. Бұл мәселе облыстық соттың алқа төрағаларымен, кеңсе басшысымен, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағаларымен жүйелі түрде қа­да­ғалануда. Заңнама талаптарын басшылыққа ала отырып, жалпы қаралған істердің мемлекеттік ара салмағы 2014 жылы – 12%, 2015 жылы – 14% болса, биылғы алты айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 19 %-ды  құрады.

Облыс соттарында құжат айна­лымындағы мемлекеттік тілдің үлес салмағы жылдан жылға артуда: шығыс құжаттардың 97 пайызы, ішкі құжаттардың 92,4 пайызы және барлық құжат айналымының 75,4 пайызы мемлекеттік тілде жүргізіліп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланудамыз. Дегенмен де мына бір мәселені де естен шығармағанымыз абзал. Дамыған отыз елдің қатарына құрғақ көрсеткіштер, жалаң қа­ғи­далармен ене алмаймыз. Себебі, озған елдің экономикасы, әлеуеті ғана емес, мәдениеті мен рухани құндылықтары­мен қатар заң үстемдіктері де берік болуы шарт. Сондықтан да Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап Елбасы Н.Ә.Назарбаев демократиялық мемлекеттің жоғары стандарттарына лайықты сот жүйесін құруды алға қойған болатын. Осы жылдар ішінде Қазақстанның сот жүйесі реформалық саты­лар­дан өтіп, қазір әлемдік стан­дартқа толық сәйкес келетін сот жүйесі қалыптасуда. Тұңғыш Пре­зи­дентіміздің бес институттық реформасын жүзеге асыру бойынша «100 нақты қа­дам» Ұлт Жос­пары осының айқын айғағы.

Тұңғыш Президентіміз айт­қандай: «Береке басы – бір­лік». Ендеше бірлігіміз берік, болашағымыз баянды болсын. Халқымыздың үш данасы, үш көсемі, қасиетті бабаларымыз – Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің аруағы қолдап жүрсін демекпін.

Досжан ӘМІРОВ,

Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы

"Егемен Қазақстан"