Фото: Ашық дереккөзден
АҚШ-тың Флорида штатында кәмелетке толмаған балаларға жүйелі түрде қатыгездік көрсеткен отбасының төрт мүшесі — Брайан және Джилл Гриффет есімді ерлі-зайыпты мен олардың туыстары Даллин (21 жаста) және Либерти Гриффет (19 жаста) қамауға алынды, деп хабарлайды Ult.kz El.kz интернет порталына сілтеме жасап.
Бұл туралы Sky News хабарлады.
Тергеу мәліметінше, олар жалпы саны тоғыз баланы — бес биологиялық және төрт асыранды баланы азаптап, адам төзгісіз жағдайда ұстаған.
Полиция анықтаған деректерге сәйкес, балалар екі қабатты кереуеттің астындағы фанерден жасалған торлар ішінде күштеп қамалып отырған. Тәртіпке бағынбаған балаларға жаза ретінде бетіне сірке суын шашып, таяқпен ұрып, тіпті дәрігердің тағайындауынсыз дәрі-дәрмек берген. Балаларға оқу мен жазуға үйренуге рұқсат берілмеген, олар айналасындағы адамдарға өз өмірлері туралы жалған айтуға мәжбүр болған.
Әсіресе, асыранды балалардың жағдайы өте мүшкіл болғаны анықталды. Олардың көпшілігі өз аты-жөнін де, туған күнін де білмеген. Олар барлық ауыр үй жұмыстарын орындауға міндеттеліп, күн сайын физикалық және психологиялық қысым көрген. Ал биологиялық балалар еш жұмыс істемей, ойын ойнауға, теледидар көруге толық еркіндікке ие болған.
Қылмыстық іс шіркеу қызметкерінің күдігі арқылы әшкереленді. Ол шіркеу лагеріне келген бір баланың қолында электрошокер бар екенін байқап, тиісті органдарға хабар берген. Тексеру барысында қасіретті жағдайдың шынайы көрінісі ашылып, дереу тергеу басталды. Алғашқы тергеу кезінде асыранды балалар тордың ішінде табылған, олардың кейбірінің денесінде соққы іздері мен тері зақымдары болған.
Қазіргі уақытта барлық күдіктілер тергеу изоляторында қамауда. Балалар Флорида штатының Балалар және отбасы істері департаментінің уақытша қамқорлығына берілді. Іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
