26 сәу, 2022 сағат 11:23

Тоқаевтың тапсырмасын орындамағаны үшін тағы бір басшы қызметінен кетті


Батыс Қазақстан облысындағы жолдарды жөндеу бойынша жұмысты уақытылы орындамағаны үшін "QAZAVTOJOL" ҰК" АҚ Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры Әмір Кәрімбаев жұмыстан босатылды.

Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Мемлекет басшысының Батыс Қазақстан облысындағы жолдарды жөндеу бойынша тапсырмасын уақытылы орындамағаны үшін "QAZAVTOJOL "ҰК" АҚ Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры Әмір Кәрімбаев жұмыстан босатылды", - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ әкімшілік сипаттағы шаралар QAJ орталық аппараты мен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің автомобиль жолдары комитетінің басшылықтағы бірқатар қызметкері мен маманына қатысты қолданылды.

Айта кетері, бұған дейін дәл осы себеппен индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев қызметінен босатылған еді.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған "Күре жолдағы күрсініс" атты мақалаға назар аударып, Батыс Қазақстан облысындағы жолдар проблемасын тез арада шешуді тапсырған.

Президент Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарындағы жолдарды жөндеу жұмыстарын 2021 жылдың соңына дейін аяқтауға тапсырма бергенін және бұл мәселе өзінің жеке бақылауында болатынын еске салды.