18 сәу, 2022 сағат 13:15

Тоқаевтың қандай туыстары мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды?


Әділет министрі Қанат Мусин Президенттің жақын туыстарын басшылық қызметке тағайындауға тыйым салу мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Айта кетері, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару формасынан бас тарту аясында Президенттің бірқатар өкілеттігін қысқарту жоспарланып отыр. Соның ішінде жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор кәсіпорындары басшысы лауазымын атқаруына тыйым салу шарасы да бар.

"Заңнамада жақын туыстарға ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілі мен апалы-сіңлілі, атасы, әжесі және немерелері жатады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамада жекжаттар, яғни, ерлі-зайыптының жақын туыстары үшін шектеулер белгіленген", - деді Мусин орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Министр мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілердің тізімі Президент жарлығымен бекітілгенін де еске салды. Оған министрлер мен олардың орынбасарлары, әкімдер, мемлекеттік орган басшылары және тағы басқа мамандар кіреді. Ал квазимемлекеттік секторға мемлекеттің үлесі бар ұйымдар жатады.

"Заңнамалық деңгейде тиісті тыйымдар белгіленгеннен кейін президенттің ағасы, әпкесі, балалары "Самұрық-Қазына" қорына кіретін ұйымдарда немесе "Бәйтерек" сияқты ұлттық компанияларда басшылық қызметке орналаса алмайды", - деп атап көрсетті Мусин.

Оның айтуынша, тамыз айына дейін тиісті заң жобалары дайындалады. Ал жылдың соңына дейін қабылданады деген жоспар бар.