14 қаз, 2019 сағат 11:23

Тоқаевтың БҰҰ 74-сессиясына қатысуына орай әзірленген жаңа деректі фильм көрсетіледі

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 74-сессиясына қатысуына орай әзірленген «БҰҰ: Әлем елдері үшін ортақ үй» жаңа деректі фильм көрсетіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстан Президентінің Нью-Йоркке сапары. БҰҰ 74-сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев қандай мәселелер көтерді? Кімдермен кездесті? Президент Телерадиокешенінің «БҰҰ: Әлем елдері үшін ортақ үй» жаңа деректі фильмін көріңіздер!», делінген хабарламада.

Деректі фильмді «Хабар 24» телеарнасынан бүгін яғни, 14 қазанда сағат 21:30-да көруге болады.

Еске сала кетсек, қыркүйек айының соңында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама штаттарына жұмыс сапарымен барып, Нью-Йорк қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 74-сессиясына қатысты.