10 жел, 2019 сағат 10:35

Тоқаев: Жастардың дамуына жағдай жасау – Президент ретіндегі басты міндеттерімнің бірі

Жастарымыздың жан-жақты дамуына жағдай жасау – менің Президент ретіндегі басты міндеттерімнің бірі. Бұл туралы бүгін Жастар жылының жабылу және Волентер жылының ашылу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін ұлан байтақ еліміздің түпкір-түпкірінен келген жастар елорда төрінде, Нұр-Сұлтан қаласында, халқымыздың құтты мекенінде бас қосып отыр. Сіздермен Тәуелсіздік күні қарсаңызда жүздесіп отырмыз. Біз үшін бұдан асқан қастерлі әрі маңызды мереке жоқ. Баршаңызды құттықтаймын. Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан ары өркендету қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Сондықтан біз сіздерге зор үміт артамыз. Мемлекетіміздің келешегі – өздеріңіз. Жаңа ғана жастардың бір топ өкілі түрлі өзекті тақырыптарда жақсы сөз сөйледі. Ұтымды пікірлер айтты. Мен барша жастарды мақтан тұтамын», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті биылғы жылдың мән-маңызы ерекше болғанын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен барша ел болып, жастар жылын өткізгенімізді айтты.

«Бәріміз білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу ісіне айрықша мән беріп отырмыз. Жалпы, еліміздегі бастамалардың барлығы жас буынның жарқын болашағы үшін қолға алынды. Жастарымыздың жан-жақты дамуына жағдай жасау – менің Президент ретіндегі басты міндеттерімнің бірі. Сондықтан осы мәселе әрдайым менің назарымда болады. Бүгінгі жастар – елімізді ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.