06 қаз, 2022 сағат 19:01

Тоқаев жақын арада сайлауалды тұғырнамасын ұсынатынын жариялады


Мемлекет басшысы алдағы уақытта сайлауалды тұғырнамасын ұсынатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Жақын арада мен сайлауалды тұғырнаманы ұсынамын, онда елді жан-жақты трансформациялау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі шаралар болады. Менің сенімім бойынша, біздің мемлекет өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған теңдестірілген, көп бағытты, сындарлы сыртқы саясатты жүзеге асыруы тиіс", - деді Тоқаев Астанадағы форумда.

Президент Қазақстан халықаралық қатынастардағы теңдік пен демократия қағидаттарын, халықаралық құқық пен БҰҰ жарғысын ұдайы сақтауды үнемі қолдайтынын айтты.

"Қазақстан БҰҰ-ның әмбебап және баламасыз халықаралық ұйым ретіндегі беделін нығайту үшін белсенді күш-жігер жұмсайды. Біз Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтасамыз, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің әлеуетін нығайтамыз", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай сыртқы саясат Қазақстанның стратегиялық мүддесіне сай келетініне сенімді.

"Ұлттық тарихтың осы бетбұрыс кезеңінде Қазақстан халқы маған алдағы сайлау барысында сенім білдіреді деп сенемін. Сайлау - бұл қарапайым іс-шара емес, азаматтардың Отан тағдырына қатыстылығын растайтын патриотизм мен демократияның шынайы актісі. Біздің күшіміз бірлік пен бірігуде, ынтымақтастықта. Біз әртүрліміз, бірақ біз болашаққа ұмтылған біртұтас ұлтпыз", - деді Президент.