Тәуелсіздігіміздің табысына тоқмейілсуге болмайды. Бұл туралы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жаңа жаһандық және өңірлік сын-тегеуірін жағдайында Тәуелсіздік жетістіктерін еселеу үшін бізге күш-жігерімізді екі, тіпті үш еселеу қажет. Басқа сөзбен айтар болсақ, табысымызға тоқмейілсуге болмайды», - деп атап өтті ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық өмірдің барлық саласында жанкешті күнделікті жұмыстың қажет екендігін баса айтты.
«Біздің алдымызда азаматтардың өмір сапасын арттыруға қатысты жаңа міндеттер тұр. Біз «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» негізгі қалаушы қағидатынан таймайтын боламыз. Қоғамымыз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын зор үмітпен қабылдады. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер азаматтардың сенімін ақтап, қалауларын ескеру үшін бар күш-жігерлерін жұмсауы тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.