20 там, 2022 сағат 12:44

Тоқаев Сочидегі келіссөз қорытындысына көңілі толатынын жеткізді


Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Тоқаев пен Путиннің жеке келіссөздері туралы айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сочиде ұзаққа созылған жеке кездесудегі келіссөздің қорытындысына көңілі толатынын жеткізді. Мемлекет басшысының пікірінше, келіссөз өзара сенім әрі іскерлікпен ерекшеленген айырықша достық атмосферада өтті.

Президент сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастыққа, екі елдің халықаралық аренадағы өзара іс-әрекетіне қатысты барлық мәселелер жан-жақты талқыланғанын атап өтті. Мемлекеттер басшылары өздерінің деңгейіндегі уағдаластықтарды екі ел үкіметтерінің тұрақты түрде жүзеге асыруы маңызды деп түсінеді", - деп жазды ол Facebook парақшасында.

Сондай-ақ, Руслан Желдібай Президенттер тұрақты жұмыс байланыстарын жалғастыруға келіскенін айтты. Тоқаев Путинге құрметі мен қонақжайлығына шынайы ризашылығын білдірген.

Еске салайық, Қазақстан Президенті 19 тамызда жұмыс сапарымен Сочиге барған болатын.