Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холингінің басшылығын сынға алды, деп жазады Sputnik.
Оның айтуынша, ҚазАгроның былтырғы шығыны 120 миллиард теңгеден асқан.
"ҚазАгроға қатысты қатаң шара қолдану қажет. Бұл өзі баяғыдан сөз болды. Басшылықтың мұндай құрылымды басқаруға қауқарсыздығын көрсетіп отыр. ҚазАгроның 2018 жылдың қорытындысы бойынша жинақталған қарызы 120 миллиард теңгеден асып кетті. 672 қаржыландырылған жобаның 270-сі немесе 40%-і тоқтап тұр. Сұрақ қоюдың да, түсіндірудің де қажеті жоқ. Компания тез арада реформалансын", - деп мәлімдеді мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Холдингті басқаруға шетелдік мамандарды жұмылдыру жайында ойлану керек, деп жалғастырды Тоқаев. Ол үкіметке проблеманы шешу үшін екі ай ішінде нақты ұсыныс дайындауды тапсырды
"Квазимемлекеттік сектордың ірі субъектілерінің жұмысы қаншалықты тиімді екенін анықтайтын сәт келді. Әр ұлттық холдинг немесе ұлттық компания Қазақстанға, азаматтарға пайда ғана әкелуі қажет. Квазимемлекеттік компаниялардың шығыны қорқынышты түстей ұмыт болсын. Олар шығын емес, тек кіріс келтіруі тиіс. Даму институттары дәл осы мақсатта даму институттары болып құрылғанын ұмытпайық. Олар экономиканы дамытып, халыққа қызмет етуі тиіс", - деді Тоқаев.
"ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ 2006 жылы құрылды. Оның мақсаты агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына серпін беру бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыру болатын. Холдинг – ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған стратегиялық жобалардың операторы