26 қар, 2022 сағат 11:35

Тоқаев сайлау әділ әрі ашық болғанын айтты


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты ұлықтау рәсімінде сайлау әділ әрі ашық болғанын айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Конституцияға сәйкес билік тармақтары түгел жаңғыртылады. Осындай жаңа саяси маусымды Президент сайлауы бастап берді. Сайлау науқаны 3 айға жуық уақытқа созылды. Осы кезеңде еліміздің болашағы туралы түрлі мазмұнды пікірталастар болды. Жұртымыз өз болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Азаматтық қоғамның кемел институтқа айналғаны айқын аңғарылды. Саяси алаңға жаңа тұлғалар шықты. Осылайша, халқымыз 20 қарашада өз таңдауын жасады.

Сайлау әділ әрі ашық өтті. Бұл – байқаушылардың, сарапшылар мен журналистердің берген бағасы. Ел-жұрттың белсенділігі ерекше жоғары болды. Кейбір азаматтар бүкіл отбасымен келіп, дауыс берді.

Бұл науқан ел мүддесі үшін ұлт болып біріге алатынымызды көрсетті. Бабаларымыз қай заманда да бірлігін бәрінен биік қойған. Біз ата жолын сақтай білген, заманауи және өркениетті ел екенімізді бүкіл дүние жүзіне паш еттік. Бірлігіміздің бекемдігін тағы да дәлелдей алдық. Осы сайлауда жұртымыз маған зор сенім білдірді» - деді Мемлекет басшысы.