08 қаз, 2022 сағат 19:35

Тоқаев президенттікке үміткерлерге қойылатын талаптарға сай келеді - ОСК


Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәйкестігін белгілеу туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

8 қазанда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Оған саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бейнеконференцбайланыс режимінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.

Отырыста Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сәйкестігін анықтау мәселесі қаралды.

"Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады. Ол Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа қатысты сайлау туралы Конституциялық заңның 59-бабының талаптарына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті сұрау салулар жіберілгенін хабарлады. Құзыретті мемлекеттік органдардан келген мәліметтерге сай азамат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа қатысты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркелуге кедергілер жоқ екені анықталды.

Мәселен, ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сай, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарға қойылатын Конституция мен «ҚР сайлау туралы» КЗ талаптарына сәйкес келеді" - делінген ОСК хабарламасында.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сай Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады және Қазақстанда соңғы 69 жыл бойы тұрады.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР КЗ 54-бабының 2-тармағына сәйкес, мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау рәсімі кандидатурасы өкілеттіктердің келесі мерзіміне қайта ұсынылған, жұмыс істеп жүрген Республика Президентіне қолданылмайды.

Ұсынылған дипломның көшірмесіне сай жоғары білімі бар (дипломның түпнұсқасымен салыстырып тексеру жүргізілді). ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінен ұсынылған мәліметтерге сай мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі – 43 жыл 1 ай.

Әділет министрлігі ұсынған мәліметтерге сай Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ұсынған Республикалық қоғамдық бірлестіктердің Әділет министрлігінде тіркелгені туралы құжаттары бар.

Осыған байланысты Ортсайлауком қаулы қабылдады:

1. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңында оған қойылатын талаптарға сәйкес екені анықталсын.

2. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдайтын қолдарды жинау үшін қол қою парақтары қажетті мөлшерде берілсін.

Қол жинауды кандидаттың сенім білдірілген адамдары жүзеге асырады. Сенім білдірілген адамдарды тіркеуді аумақтық сайлау комиссиялары Орталық сайлау комиссиясының 2011 жылғы 21 қарашадағы № 62/108 қаулысымен бекітілген Нұсқаулық негізінде жүзеге асыратын болады.