Қазақстан Президенті «COVID-19 пандемиясы тұсында және одан кейінгі кезеңде дамуды қаржыландыру» атты жоғары деңгейде өткен шараға қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Бейне конференция форматындағы форум БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің, Канада Премьер-Министрі Джастин Трюдо мен Ямайка Премьер-Министрі Эндрю Холнесстің бастамасымен өтті. Аталған жиын COVID-19 індетінің салдарын жеңілдету және дағдарыстан кейінгі қайта қалпына келтіру жұмыстарына халықаралық іс-қимылдарды жұмылдыруға арналды.
Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобының төрағасы ретінде сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік қоғамдастықтың назарын індеттің салдарына аудара отырып: «Пандемия барлық мемлекеттердің дамуына қауіп төндірді. Әсіресе сыртқы қаржыландыруы, сауда және инвестициясы азайған теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдерге оның зардабы көбірек тиді», – деді.
Осы орайда Мемлекет басшысы дамушы елдердің сыртқы қарыздарды және «цифрлық теңсіздікті» жою, таза ауызсуға, жасыл және заманауи агротехнологияларға қолжетімділікті қамтамасыз ету проблемаларын шешу үшін халықаралық іс-әрекеттерді жұмылдыруға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның «БҰҰ-ның гуманитарлық көмек көрсетудің жаһандық жоспарын» іске асыруға және коронавирусқа қарсы күрес барысында бірқатар шет мемлекетке жасаған гуманитарлық қолдауын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы еліміздің жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қақтығыстарды реттеуге және бейбітшілік орнатуға бейілді екенін нақтылады.
Форумға Германия, Франция, Оңтүстік Африка Республикасы, Жапония, Италия, Ұлыбритания, Пәкістан, Қырғызстан, Беларусь, Сауд Арабиясы және басқа да мемлекеттердің көшбасшылары, Халықаралық валюта қоры, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Дүниежүзілік банк жетекшілері, сондай-ақ, бірқатар халықаралық қаржы институтының басшылары қатысты.