21 шіл, 2022 сағат 13:08

Тоқаев Орталық Азия елдерін күш біріктіруге шақырды


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерін мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты бұзу әрекеттеріне қарсы күресте күш біріктіруге шақырды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Мемлекетаралық және этносаралық араздықты қоздыру арқылы елдерімізді алалауға және қарым-қатынастарымызға сызат түсіруге бағытталған кез келген әрекетке төтеп беру үшін бірігуіміз қажет. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін бұқаралық ақпарат құралдарымыз аймақ елдерінде болып жатқан оқиғалар туралы жаңалық тарату жағынан ақсап тұрғаны байқалады" - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, мүмкіндігінше бұл үрдісті өзгерту керек.

"Бәлкім, бүкілаймақтық телеарна немесе ақпараттық интернет-сайтын ашқан жөн болар. Осы мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтау үшін Орталық Азияның салалық мекемелері мен ақпараттық агенттіктері басшыларының жиынын тұрақты түрде өткізіп отыру пайдалы болмақ. Аймақты біртұтас мәдени кеңістік ретінде көрсету мақсатымен «Орталық Азияның мәдени астанасын» жыл сайын таңдау тәжірибесін енгізген жөн" - деді Қазақстан Президенті.