06 сәу, 2026 сағат 18:01

Тоқаев ҚМА төрағасын қабылдады: бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану деректері анықталды

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Жанат Элиманов қабылдап, ведомствоның қызмет қорытындылары мен алдағы міндеттері туралы есеп тыңдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Кездесу барысында агенттік төрағасы бюджет қаражатын игеру барысына жүргізілген мониторинг нәтижелерін баяндады. Оның айтуынша, мал шаруашылығы саласына бөлінген 30 миллиард теңге субсидияны тиімсіз пайдалану тәуекелдері анықталған. Сонымен қатар ғылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық нәтижелерді коммерцияландыруға бағытталған 10 миллиард теңгеден астам қаражаттың мақсатсыз жұмсалу белгілері белгілі болған.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатын жымқыру фактілері бойынша 14 сотқа дейінгі тергеу басталған. Ал құрылыс саласында 5,3 миллиард теңгені заңсыз иемденуге байланысты 21 қылмыстық іс қозғалды.

Алаяқтықтың алдын алу бағытында 17 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылған. Сондай-ақ банктер мен байланыс операторларының атын жамылып, фишингтік SMS-хабарламалар таратқан қылмыстық топ әшкереленген.

Жалпы аудиториясы 25 мыңнан асатын 3,7 мың алаяқтық сайт пен 22 топтық чат жабылған. Бұдан бөлек, 400-ден астам жалған құрылыс компаниясының заңсыз лицензия алу әрекетіне тосқауыл қойылды.

Қылмыстық табыстарды жылыстатуға қарсы күрес аясында да бірқатар нәтижелер бар. Атап айтқанда, дроп-карталарды пайдалануға қатысты 14 тергеу басталып, олардың есепшоттарындағы қаржы айналымы 13 миллиард теңгеден асқаны анықталған. «Көлеңкедегі» тұлғаларға рәсімделген 68 мыңнан астам банк картасы бұғатталды.

Сондай-ақ жалған компаниялар мен құжаттарды пайдалану деректері бойынша 23 іс тіркеліп, келтірілген залал шамамен 13 миллиард теңгені құрады. Қаржы пирамидалары, онлайн-казино және алаяқтықтан түскен табысты заңдастырумен айналысқан 3 жасырын криптоайырбастау қызметінің жолы кесілді. Заңсыз криптовалюта сервистеріне апаратын 483 сілтеме жойылды.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы агенттіктің негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.