15 қаң, 2020 сағат 12:30

Тоқаев кадр резервіне кірген жастарды волонтерлік шараларға атсалысуға шақырды

Барлық адам Волонтер жылы аясындағы шараларға белсенді қатысуы қажет. Бұл туралы Ақордада Президенттің кадр резервіне енген жастармен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жыл Қазақстанда Волонтер жылы деп жарияланған. Бұл - бүкіл ел ауқымындағы қайырымды істер жылы болмақ. Мен жасына қарамастан барлық адамды, әсіресе Президенттің кадр резервіне қатысушыларды Волонтер жылы шараларын жүзеге асыруға барынша белсене қатысуға шақырамын. Бұрынырақ оларды еріктілер немесе жаны жомарт адамдар деп айтатын. БҰҰ бағалауынша, бүкіл әлемде 1 млрд жуық адам өз уақытын волонтерлік қызметке арнайды», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының дерегінше, волонтерліктің әлемдік жалпы ішкі өнімге қосар үлесі шамамен 2,5 пайызға жуықтайды.

«Сіздер өз білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді университет, колледжд студенттерімен, ауыл мектептерінің оқушыларымен бөлісе алар едіңіздер. Дәл сіздердің үлгі-өнеге өзінің табысқа жету жолын қалыптастыруды армандап жүрген ондаған жас баланы қанаттандырып, шабыттандыруы мүмкін. Көпшілігі қоғамға пайдасы бар бастамаларды жүзеге асыра алар еді. Сіздердің адал ниетті көмектеріңіз басқаларға айтарлықпай пайда әкелетін көптеген бағыт бар. Бұл - өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға, балалар үйі тәрбиеленушілеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық, бар адамдарға көмек. Бұл – ауыл балалары үшін білім беру жобаларына қатысу, сонымен қатар азаматтарымыздың құқықтық сауатын арттыру. Бұл - қоршаған ортаны қорғау, халқымыздың рухани, тарихи, материалдық, мәдени мұрасы. Волонтерлер үшін жұмыс жеткілікті. Волонтерлік – патриотизмді таныту мен қоғамға қызмет ету түрі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.